Балық шаруашылығы саласында 100 мыңнан астам адам еңбек етеді
Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде балық шаруашылығы саласындағы қайта өңдеу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел жиыны барысында Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Юрий Ромашов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Комитет төрағасының айтуынша, Қазақстанның балық шаруашылығы саласы ел экономикасының толыққанды табысты секторларының бірі болып табылады. Сонымен бірге, аталған сала еліміздің көптеген азаматтары үшін күнделікті табыс көзі ретінде үлкен маңызға ие болып отыр.
«Бұнымен қоса, балық аулау мен оның өнімдерін өңдеуге маманданған бірқатар кәсіпорындар қалалық немесе ауылдық жерлердегі әлеуметтік бағдарланған мәселелердің кең ауқымын шешуге үлкен септігін тигізіп отыр. Атап айтқанда, еліміздің балық шаруашылығы бірқатар елді мекендер үшін жұмыспен қамтуда маңызды рөл атқаруда. Бүгінгі күні алдын ала бағалау бойынша Қазақстанның балық шаруашылығы саласында 100 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылған», деді Ю. Ромашов.