Балықшылар төтенше жағдайлар қызметінің көмегі арқасында аман қалды

АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері жыл басынан бері балық аулауға шыққан бірнеше балықшыны ажалдан алып қалды.

 Балықшылар төтенше жағдайлар қызметінің көмегі арқасында  аман қалды

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Төтенше жағдайлар министрлігінің Баспасөз қызметі басқармасының аға инженері Любовь Шапошникова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның мәліметтері бойынша, қаңтардың 8-і күні Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкерлері Ми-171 тік ұшағымен Балқаш көлі маңында орналасқан Приозерск қаласының балық аулауға шығып, жоғалып кеткен 6 балықшысын құтқарды. Ал қаңтардың 12с-і күні Балқаш көліне балық аулауға шығып, жарылған мұздың салдарынан суға құлаған 7 балықшының 5-уі құтқарылды. Ал екі балықшы суға батып мерт болды. «Сондай-ақ қаңтардың 13-і күні Алакөл көліне балыққа шыққан әуесқой балықшылар мұз жарылып, жағаға жете алмай қалған. Олар да құтқарушылардың көмегімен аман қалды», деді баспасөз басқармасының өкілі.