Балықшылар Зайсан көліндегі қалың қамыс арасында адасып қалды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының тәртіп сақшылары Зайсан көліндегі қалың қамыс арасында адасып кеткен балықшыларды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше «102» нөміріне Зайсан көлінің жағасында балықшылардың жағалауға шыға алмай жүргендігі жайлы хабар түскен. Анықталғандай, балық аулауға шыққан азаматтар жағалаудан тым алысқа кетіп қалған. Қалың қамыс арасында адасқан олар өздігінен жол таба алмаған.
«Күршім аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірден құтқару жұмыстарын бастады. Жергілікті инспектор қайықтың қай жерде екенін тапты. Ол ұялы телефон арқылы балықшылармен байланысқа шығып, бағыт беріп, жол сілтеді», - дейді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Осылайша, тәртіп сақшылары балықшыларға жағаға аман-есен жетуге көмектесті.
«Қайыққа отырып, балық аулап жүр едік. Қызығына кіріп кеткеніміз сонша, қараңғы түскенін байқамай, тым алысқа кетіп қалыппыз. Адасқанымызды сезгенде дереу полиция мен құтқарушыларға хабарластық. Бізге дер кезінде көмекке келген полицейлерге мың алғыс», - дейді балықшылардың бірі Ербол Ауызбаев.