Балықтарды сусабынмен өлтіргені үшін даниялық журналист істі болды
КОПЕНГАГЕН. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат - Дания соты тележурналист Лисбет Кёлстер ханымды жануарларды аямағаны үшін кінәлі деп таныды.
Журналист әйел өзі жүргізген хабардың бірінде қайызғаққа қарсы сусабынды құйып, 12 балықты өлтіргені үшін істі болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Associated Press агенттігіне сілтеме жасап. Даниялық DR1 қоғамдық телеарнасының жүргізушісі Лисбет Кёлстер 2004 жылы тұтынушылардың құқықтарына арналған хабарлардың бірінде, журналистің өзінің айтуынша, құрамындағы уытты заттардың тым көп екенін көрсетпек болып, ол балықтар аквариумына 10 мл сусабын құйған. Үш күннен кейін аквариумдағы 13 балықтың 12-сі су бетіне бүйірлерімен қалқып шыққан. Осы оқиғадан екі күннен кейін Глоструп қаласының полициясына жүргізушінің қатал әрекетіне ашынған жергілікті ветеринардан шағым түседі. Бірақ сот ол істі қарауға жақында ғана кірісіп отыр. Өткен сенбі күні болған сотта судья, Л.Кёлстер ханым сусабынның балықтарды өлтіретінін біле тұрып, жануарларға қасақана қатал эксперимент жасаған, деген үкім шығарды. Журналист әйел тірі жануарларға қатал тәжірибе жасағаны үшін кінәлі деп танылғанымен, істің ертерек қаралмауына байланысты, қатал жазадан құтылып отыр.