Бангкокта 14 жасар бала елге оқ жаудырды: үш адам қаза тапты

Таиланд астанасы Бангкоктағы «Сиам Парагон» сауда орталығында атыс болып, үш адам қаза тапты. ҚазАқпарат бұл туралы ВВС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Таиланд
Фото: Ken Kobayashi/asia.nikkei.com

Оқиға салдарынан тағы төрт адам зардап шекті. Олардың арасында шетел азаматы бар.

Шабуыл жасады деген күдікпен 14 жасар жасөспірім ұсталып, полицияға тапсырылды.

Ол тапаншадан оқ жаудырған деп шамаланып отыр.

Шабуылға не себеп болғаны әзірге хабарланған жоқ.

Ел премьер-министрі жағдайдың бақылауға алынғанын айтты.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде келушілердің сауда орталығынан жүгіріп шыққаны көрініп тұрған кадрлар тарады.

Сауда орталығы шұғыл эвакуацияланып, жақын маңдағы «Сиам» метросының станциясы сияқты жабылды.

Желіде сауда орталығының ішінде түсірілген бейнежазбалар пайда болды. Оның бірінде адамға толы кешенде төрт рет оқ атылғанғанға ұқсас қатты дыбыс шыққаны анық естіліп тұр.

Премьер-министр Сретта Тависин қаза болғандар мен олардың отбасыларына қайғырып көңіл айтты.

Таиландта басқа елдермен салыстырғанда халықтың қолында атыс қаруы көп болғанымен, жаппай атыс оқиғалары – сирек жағдай.

Өткен жылдың қазан айында елдің солтүстік-шығысындағы Нонг Буа Лампху провинциясындағы балалар орталығында бұрынғы полицей қолынан кем дегенде 37 адам қаза тапты, олардың көбі балалар.

2020 жылы Накхонратчасима қаласында әскери қызметкер 29 адамды өлтіріп, ондаған адамды жарақаттады.