Бангкокта төтенше жағдай жарияланды
АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Таиланд үкіметі мерзімінен бұрын сайлау қарсаңында ауқымды қарсылық акцияларына тосқауыл қою үшін Бангкокте және оған іргелес аудандарда төтенше жағдай режімі енгізілгенін жария етті.
Бірқатар шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, төтенше жағдай ертеңнен бастап 60 күн бойы күшінде болады. Жарлық үкіметке қарсылық танытушылармен күресте зор өкілеттік береді. Аталған өкілеттіктердің қатарында бұқаралық ақпарат құралдарын жіті бақылауға алу, жаппай іс-шараларға шектеу қою, коменданттық сағат енгізу және еш айып тақпастан күдіктіні ұстау бар.
Айта кетерлігі, оппозиционерлер қазіргі биліктің 2 ақпанға белгілеген мерзімінен бұрынғы саулауына барынша қарсылық танытуда. Олардың пайымынша, сайлау Таиландта уақытша үкімет құрылғаннан кейін ғана өтуі тиіс. Осыған орай елдің Сайлау комиссиясы сайлауды үш айға шегере тұру ұсынысын берген еді. Алайда Таиландтың вице-премьері Ниватхамронг Бунсонгпайсан мұндай сценарийге қарсылық танытты.