БАНГЛАДЕШ: ФТБ хакерлерге 81 млн.долларды ұрлауға банк қызметкерлері көмектесті деп санайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Хакерлердің Бангладеш Орталық банкінен 81 млн. долларға жуық ақшаны ұрлауы туралы іс жүргізіп жатқан Федералдық тергеу бюросы (ФТБ) киберқылмыскерлерге аталған қаржылық мекеменің қызметкерлері көмектесуі мүмкін деп шамалап отыр. Бұл туралы сейсенбі күні The Wall Street Journal газетінің электрондық нұсқасы хабарлады.
Оның мәліметтерінше, «ФТБ агенттері қаскүнемдерге банктің кем дегенде бір қызметкері көмек көрсеткенінің айғақтарын келтірді». Бұл ретте ведомство қылмыстық іске мекеменің тағы бірнеше қызметкері тартылған болуы мүмкін деп шамалауда.
Ақпан айында белгісіз хакерлер Бангладеш ОБ-нен Нью-Йорктің Федералдық қор банкі (ФҚБ) арқылы Филиппин және Шри-Ланкадағы шоттарға қаражат аударған. Орталық банктің күзет жүйесін бұзған қаскүнемдер қаржылық институттан төрт транш арқылы 81 млн. долларды шығарған.
Бұл хакерлік шабуылдан кейін Бангладеш ОБ-нің басшысы отставкаға кетті.