Бангладеште екі жол апатынан 16 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Бангладеште жұма күні болған екі жол-көлік оқиғасынан 16 адам қаза тауып, тағы 29 адам түрлі жарақат алды, деп хабарлайды Синьхуа.
Силхет округі полициясының суперинтенданты Чоудхури Мд Забер Садектің мәліметінше, ел астанасы Даккадан солтүстік-шығысқа қарай шамамен 240 шақырым жерде орналасқан Силхет аймағында екі жолаушылар автобусы бетпе-бет соқтығысқан.
Жол апатынан сегіз адам оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір адам ауруханада алған жарақаттарынан қайтыс болды.
– Апат салдарынан тағы 14 адам жарақат алды. Қазіргі мәлімет бойынша, олардың екеуінің жағдайы ауыр, – деді полиция өкілі.
Екінші жол апаты Даккадан солтүстік-батысқа қарай шамамен 197 шақырым жерде орналасқан Богра округінде болды. Жергілікті өрт сөндіру және азаматтық қорғаныс қызметінің өкілі Мд Шахидул Исламның мәліметінше, оқиғадан жеті адам қаза тауып, тағы 15 адам жарақат алған.
Алдын ала мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі жылдамдықты шамадан тыс арттырып, көлік тізгініне ие бола алмай қалған. Салдарынан автобус жол жиегінде тұрған жұмысшылар тобын қағып кеткен.
Жарақат алғандардың барлығы шұғыл түрде жергілікті ауруханалар мен клиникаларға жеткізілді.
Айта кетейік, Угандадағы жол апатынан 14 адам қаза тапқаны хабарланды.