Бангладеште ер адам жолаушылар ұшағын басып алмақ болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жексенбі күні Бангладеште белгісіз ер адам жергілікті әуекомпанияның Boeing 737 жолаушылар ұшағын басып алмақ болды. Көп ұзамай күдіктінің көзі жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС сайтына сілтеме жасап.
Оқиға Biman Bangladesh авиакомпаниясының ұшағы Читтагонг қаласының әуежайына қонған кезде болған. Құқыққорғау органдары дереу жетіп, әуежай ғимараты қоршауға алынған.
Бортта болған 148 жолаушы мен екі экипаж мүшесі дін-аман эвакуацияланды. Ер адам ұшақты неліктен айдап әкетпек болғаны әзірге белгісіз.
Алдын ала мәлімет бойынша, ол психикалық ауруға шалдыққан және Бангладештің премьер-министрімен сөйлестіруді талап еткен.
«Біз оны тұтқындамақ болдық, өздігімен берілуге көндіруге тырыстық. Бірақ ол бас тартты. Көзін жоюға тура келді. Оның қаруы болды», - деді журналистерге офицер Мотихур Рахман (Motiur Rahman).