Бангладеште фабриканың опырылып құлауы салдарынан қаза тапқандар саны 175 адамға жетті
Бұл туралы Рейтер агенттігі мәлімдейді.
Қолда бар дерекке қарағанда, мерт болғандардың дені - әйелдер. Республика билігі өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, апаттан 1 мыңнан астам адам зардап шеккен.
«Жұмысшылардың көбі әлі де үйіндінің астында қалғандықтан, ажал құшқандардың саны анағұрлым артуы ықтимал», - дейді аймақтық полицияның жетекшісі Хабибур Рахман. Билік басындағылардың айтуларынша, ғимаратта сәрсенбі күні 3 мыңнан астам адам болған.
Қазіргі таңда құтқарушылар үйіндінің астында қалған адамдарды аршып алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиға орнында көмекке шақырғандардың даусы толастамай тұр.
Бұған дейін қаладағы полиция өкілі хабарлағандай, нысанның апаттық жағдайда екенінен оның қожайындары құлағдар болған. Алайда ешқандай шара қолданбаған.