Bank of America банкіне рекордтық 1,2 млрд доллар айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Қаржы министрлігі сейсенбі күні ақшаны заңсыз айналымға енгізуге қарсы күрес талаптары мен санкциялық заңнаманы бұзғаны үшін Bank of America банкін 1,2 миллиард доллар көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі NBC News арнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Bank of America
Фото: Bank of America

АҚШ Қаржы министрлігінің мәліметінше, Bank of America банк құпиясы туралы заңды қасақана бұзғанын және заң талаптарына сай ақшаны заңсыз айналымға қарсы күрес шараларын қамтамасыз етпегенін мойындаған. Сондай-ақ банк күдікті қаржылық операциялар туралы заң бойынша міндетті есептерді тапсырмағанын да растаған.

— Bank of America жалпы сомасы 5 миллиард доллардан асатын күдікті қаржылық операциялар туралы Қаржылық қылмыстармен күрес желісіне (FinCEN) уақтылы хабарламаған. Оның 1 миллиард доллардан астамы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін және заңсыз қаржыландыруға қатысты жоғары тәуекелді операцияларға тиесілі. Олардың қатарында ақшаны заңсыз жолмен заңдастыру, алаяқтық және АҚШ-тың оңтүстік-батыс шекарасымен тығыз байланысты сауда операциялары арқылы заңсыз кірістерді заңдастыру белгілері бар, — делінген АҚШ Қаржы министрлігінің мәлімдемесінде.

FinCEN — бүкіл әлем бойынша ақшаны заңсыз жолмен заңдастыруға, заңсыз қаржылық қызметке және террористік желілерді қаржыландыруға қарсы күресетін АҚШ-тың Қаржылық қылмыстармен күрес желісі.

Bank of America — АҚШ-тағы активтер көлемі бойынша екінші ірі банк. Қаржы мекемесі 70 миллионнан астам клиентке қызмет көрсетіп, жыл сайын шамамен 4,5 триллион доллар көлеміндегі төлем операцияларын өңдейді.

Бұдан бөлек банк корпоративтік клиенттердің жалақы аударымдары, корпоративтік несие карталары бойынша төлемдер және жеткізушілермен есеп айырысу секілді жалпы сомасы 450 триллион доллар болатын қаржылық операцияларды жүзеге асырады.

— Бүгінгі шаралар ең ірі қаржы ұйымдарының да заң талаптарына бағынуға міндетті екенін айқын көрсетеді, — деді АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент.

 

— Қаржылық қылмыстарға қарсы күрес талаптарын сақтау — аса маңызды мәселе. Біз бұл бағыттағы жұмыстардың талапқа сай жүргізілуіне жауаптымыз. Федералдық және жергілікті құқық қорғау органдарына мыңдаған тергеу жүргізуге қолдау көрсетуді жалғастырып, жыл сайын жүздеген мың күдікті операция туралы хабарламаны ұсынып отырамыз, — делінген Bank of America банкінің NBC News арнасына берген мәлімдемесінде.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың JPMorgan Chase банкін сотқа беріп, одан 5 миллиард доллар өтемақы талап еткені хабарланған болатын.
https://kaz.inform.kz/news/tramp-jpmorgan-chase-bankn-sotka-berp-5-milliard-dollar-talap-ett-f8725d/