Банк шотын бөгде адамға сыйақы үшін берген жетісулық заң алдында жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісуда банк шотына қолжетімділікті заңсыз беру фактісі бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Банкомат, банк, карточка
Фото: freepik.com

Жетісу облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу және азаматтардың банк деректерін үшінші тұлғаларға беру деректерін азайту бағытында құқық қорғау органдары жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Текелі қалалық соты қала тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарап, оны ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Ол өз банк шотына қолжетімділікті материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаға заңсыз берген.

— Сот материалдарына сәйкес, азамат банк қосымшасы арқылы шот деректерін бөгде адамға берген. Кейін бұл шот интернет-алаяқтық схемасы аясында жәбірленушінің қаражатын аудару үшін пайдаланылған. Сот айыпталушыға айыппұл түрінде жаза тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Жетісу облысының прокуратурасы мұндай әрекеттер қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертіп отыр. Ведомствоның мәліметінше, банк карталарын, шоттарды, логин-парольдерді және SMS-кодтарды үшінші тұлғаларға беру — заңға қайшы әрекет болып саналады, тіпті шот иесі қаражаттың кейінгі заңсыз пайдаланылуынан бейхабар болса да жауапкершілік туындайды.

Мамандардың айтуынша, алаяқтар жиі «жеңіл табыс» уәде етіп, азаматтардың банк шоттарын немесе карталарын «жалға беру» ұсыныстарын қолданады. Алайда мұндай шоттар заңсыз қаржы айналымына және дропперлік схемаларды жүзеге асыруға пайдаланылады.

Құзырлы органдар азаматтарды қаржылық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, банк деректерін ешкімге бермеуге және күмәнді ұсыныстар туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырды.

Бұдан бұрын банк шотын есірткі сатушыларға әдейі берген адамдарға қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.