Банк үзіндісін ChatGPT-ке жүктеуге неге болмайды

АСТАНА. KAZINFORM– Банк шотының үзіндісін ЖИ-ге жүктеп, бірер секундта кіріс-шығысты есептеу, несие төлемдерінің тиімді нұсқасын салыстыру немесе ай сайынғы бюджетті жоспарлау қазір оңай. Бірақ мұндай құжатты ЖИ көмекшіге беру арқылы пайдаланушы өзінің ақша жұмсау стилі, тұтыну әдеті туралы маңызды ақпаратты бөгде сервистің инфрақұрылымына тапсырады. Бүгінгі материалда осындай әдеттің салдарын баршаға танымал ChatGPT сервисінің мысалында талдаймыз.

Банк үзіндісін ChatGPT-ке жүктеуге неге болмайды?
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Бірнеше айлық банк үзіндісінен адамның жалақысы мен өзге де тұрақты кірісін, несие міндеттемелерін, күнделікті шығынын, ақша аударымдарын анықтауға болады. Төлем жасалған орындар мен операциялардың сипаттамасы оның қайда жиі баратынын, немен айналысатынын, қандай қызметтерді пайдаланатынын да аңғартады. Кейбір төлемдер медициналық қызметтерге, дәрі-дәрмекке немесе сапарларға қатысты болуы мүмкін. Яғни банк үзіндісі жай ғана сандар тізімі емес, адамның қаржысы мен сатып алу қабілеті туралы деректер жиынтығы.

ЖИ көмекшіңізді дұрыс баптап жүрсіз бе?

ЖИ сервисіне файл жібергенде, оның тек есептеуге қажетті ақпарат ретінде қолданылатынына кепілдік жоқ. Мысалы, OpenAI-дің анықтамалығында жеке аккаунттардағы чаттар мен файлдар модельді жетілдіруге пайдаланылуы мүмкін екені жазылған. Бұл мүмкіндік аккаунт баптауларына байланысты. ChatGPT-дің тегін, Plus және Pro сияқты жеке жұмыс кеңістіктерінде «Improve the model for everyone» параметрі әдепкіде қосулы тұрады. Оны өшірген жағдайда жаңа әңгімелер модельді оқытуға пайдаланылмайды, бірақ чат тарихында сақтала береді.

Уақытша чаттың (аккаунт тіркемей-ақ, смартфонға арнайы қосымшасын жүктеместен, «қонақ» ретінде кіру) тәртібі өзгеше: ол чаттар тарихында көрінбейді, модельді жетілдіруге қолданылмайды және ЖИ жадына жаңа мәлімет қоспайды. Алайда OpenAI қауіпсіздік мақсатымен мұндай әңгіменің көшірмесін 30 күнге дейін сақтауы мүмкін. ЖИ-дің жұмыс принципінен хабары барлар «Temporary Chat» режимін қосып жатады. Бірақ бұл да файлдың сервис инфрақұрылымына мүлде түспеуіне немесе бірден жойылатынына кепіл бола алмайды.

Тағы бір ескеретін жайт, чат тарихынан әңгімені өшіру мен файлды сақталып тұрған орнынан жою екі бөлек әрекет. OpenAI мәліметінше, кейбір жүктелген файлдар чаттан бөлек Library немесе жоба кеңістігінде сақталуы мүмкін. Сондықтан пайдаланушы құжатты жүктегеннен кейін оны қай жерден өшіру керегін де тексеруі қажет.

Бұл ретте ақылы жазылым да автоматты түрде құпиялыққа кепіл бола алмайды. OpenAI-дың жеке пайдаланушыларға арналған Free, Plus және Pro аккаунттарында модельді жетілдіруге дерек беруді өшіру мүмкіндігі бар. Ал Business, Enterprise, Edu және API платформаларында клиенттердің деректері әдепкіде модельді оқытуға пайдаланылмайды. Яғни мұндай принцип платформада қауіпсіз жұмыс істегіңіз келсе, көбірек төлеуіңіз керек деген қисынға саяды.

Киберқауіпсіздік сарапшысы, CitizenSec.kz жобасының жетекшісі және кибермәдениет амбассадоры Гүлдана Жұматай ЖИ көмегіне жүгініп, кейін ол диалогты өшіргеннің өзінде кемінде 30 күн компания серверінде сақталатынын айтады.

Гүлдана Жұматай
Фото: Гүлдана Жұматайдың жеке мұрағатынан

- ЖИ моделін оқыту функциясын өшіру құпия ақпаратты ішінара ғана қорғауға көмектеседі. Оны баптау жолы: ChatGPT/Claude/Gemini сервистерінде Settings → Data Controls бөліміне өтіп, «Improve the model for everyone» қосқышын өшіру керек. Бұл функция өшірілгеннен кейін жаңа әңгімелер модельді оқытуға пайдаланылмайды, бірақ аккаунт тарихында сақталады. Басқа ЖИ сервистерінде де осы функцияны өшіруге болады. Оқытуға бұған дейін жіберіліп кеткен деректерді одан кері қайтарып алу мүмкін емес. Сондай-ақ бұл қосқыш деректерді ЖИ моделін әзірлеген компанияның өзінде сақтаудан, ақпараттың сыртқа таралуынан немесе мемлекеттік органдардың сұраулары бойынша берілуінен қорғамайды, - дейді ол.

Бірнеше ЖИ көмекшісін пайдалану сенімдірек пе?

Кейбір мамандар жеке деректерді бір платформаға жинамай, бірнеше ЖИ көмекшісіне бөліп пайдалануды ұсынады. Әңгіме ChatGPT-ден бөлек Gemini, DeepSeek, Grok, Meta AI сияқты сервистер туралы болып отыр. Мәселен, банк үзіндісін бір сервисте талдатып, несие төлемдерінің кестесін екіншісінде есептеу, ал шығындарды санаттарға бөлуді үшіншісіне тапсыру. Мұндай тәсіл бір компанияда жиналатын дерек көлемін азайтуы мүмкін.

Алайда бұл әдісті өздігінен қауіпсіздік кепілі деуге болмайды. Керісінше пайдаланушы бір банк үзіндісін бірнеше платформаға сол қалпында жүктесе, деректердің таралу аясын кеңейтеді. Әр сервистің сақтау мерзімі, құпиялылық саясаты, модельді оқытуға қатысты баптаулары мен деректерді жою тәртібі әртүрлі. Сондықтан бірнеше ЖИ-ді пайдалану тек әрқайсысына қажетті ең аз ақпаратты ғана берген жағдайда тәуекелді азайтуы мүмкін.

Құжатты жүктемес бұрын ЖСН, аты-жөн, шот пен карта нөмірлерін, төлем алушылардың деректерін және операцияның жеке мән-жайын ашатын сипаттамаларды алып тастаған жөн. Бірақ мәтіндегі адамның жеке басын танытатын тұстарын жай ғана бұлыңғырлау немесе үстінен қара түспен бояп тастау жеткіліксіз болуы мүмкін. Кейбір PDF файлдарда бастапқы мәтін қабаты сақталып қалуы ықтимал. Сондықтан деректі қайтаруға келмейтіндей етіп толық өшіру, қажетсіз жолдарды құжаттан алып тастау керек. Ең дұрысы – есепке қажетті сомалар мен күндерді ғана қалдырып, адамның кім екенін анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтерді мүлде жібермеу.

Гүлдана Жұматай бірнеше ЖИ сервисті қаржы есептеуге пайдалану қауіпті көбейтпесе, азайтпайтынын айтады.

- Әрбір жаңа ЖИ сервисі – деректеріңіз Қазақстаннан тыс және басқа елдердің ережесі бойынша сақталатын тағы бір орын деген сөз. Сол серверден дерек сыртқа тарап кетсе, Қазақстанның мемлекеттік органдары арқылы өз құқықтарыңызды қорғау қиын болуы мүмкін. Сервистер неғұрлым көп болса, деректеріңіз сақталатын орындар да соғұрлым көбейеді. Банк картасы мен парольді ауыстырып құтылассыз. Ал ЖСН-ді ауыстыра алмайсыз. ЖСН-іңіз бір рет сыртқа тарап кетсе де өмір бойы соны пайдаланасыз, - деді сарапшы.

ChatGPT жарнамасы

OpenAI уақыт өткен сайын ChatGPT-де жарнаманы кеңейтіп жатыр. Компанияның 2026 жылғы 21 қазандағы хабарламасында жарнама жүйесі 89 елде жұмыс істей алатыны айтылған. Ал OpenAI-дің Ads Manager анықтамалығында Қазақстан жарнама берушілер өздігінен аккаунт ашып, жарнама басқара алатын елдердің қатарында көрсетілген. Бұл – қазақстандық компаниялардың ChatGPT-де жарнама беру мүмкіндігі бар деген сөз.

ChatGPT
Фото: picture alliance / photothek / ТАСС

OpenAI мұндай жарнаманың қалай көрсетілетінін түсіндіре отырып, жарнама берушілер пайдаланушылардың жеке чаттарын, чат тарихын және жүктеген файлдарын көре алмайтынын мәлімдейді. Компанияның түсіндіруінше, жүйе жарнаманы кімге көрсету керегін анықтағанда пайдаланушы туралы жинақталған мәліметтер мен оның сервистегі белсенділігін ескеруі мүмкін. Мысалы, сол сәттегі әңгіменің тақырыбы, қандай тілде сөйлесетіні және орналасқан жері жарнаманы іріктеуге әсер етеді. Мұндайдан сақтану үшін «жекелендірілген жарнама» баптауларын профильден өшіріп тастау ұсынылады. Дегенмен де, мұның бәрін сервистің баптауынан іздеп, 100 пайыз кепілдігі жоқ әрекеттерге сенім артқанша дербес қаржылық мәліметтерді ЖИ-ге сеніп тапсырмаған әлдеқайда саналы шешім болуы ықтимал.

Еуропа тәжірибесі

Онлайн тапсырыс беріп машықтанған адамдар жиі байқайтын бір тенденция бар. Мысалы, нақты бір бағытқа ұшақ билетін іздеген кезде бір аккаунттан бірнеше рет кіріп қарасаңыз, баға біртіндеп көтеріле бастауы мүмкін. Ал бірнеше адам бір уақытта бір маршуртқа, бірдей деңгейдегі, бірдей компанияның такси қызметіне тапсырыс берсе, әрқайсысына әр түрлі баға ұсынылып жатады. Онлайн сервистер адамның өмірін жеңілдетіп қана қоймай, күнделікті тұтыну әдетін, ақша жарату тәсілін де қадағалай алады. Осы арқылы кімнің үнемшіл, кімнің аса үнемшіл емес екенін де білетіндей қабілеті бар. Ал геолокация қосулы болса, ол тұрған жерде ауа райы қандай екенін, тәуліктің қай бөлігі екенін ескеріп, бағаны құбылтуы да мүмкін. Еуропада бұл тенденцияларды шектеу мәселесі біраздан бері қызу талқыланып келеді. Personalized Pricing және Dynamic Pricing ұғымдары бізде кеңінен таралмағанмен әсерін әрқайсымыз күнделікті өмірде талайдан бері көріп жүрміз.

Еуропа одағы онлайн сервистерді осындай тәсіл қолданылатынын тұтынушыға хабардар етуге міндеттеген. Одақ директивасының талабы бойынша, онлайн сатушы бағаны автоматтандырылған шешімдер мен тұтынушы мінез-құлқын профильдеу арқылы жекелендірсе (Personalized Pricing), сатып алушыға бұл туралы мәміле жасалмай тұрып хабарлауы керек. Ал нарық сұранысына қарай өзгеретін, жеке профильге сүйенбейтін (мысалы, аязды күні такси бағасы немесе жеткізу құны күрт қымбаттайтын жағдайларда) тұтынушыға Dynamic Pricing тәсілі қолданылғанын ескерту талабы жоқ.

Еуропалық комиссияның түсіндірмесінде Personalized Pricing кезінде тұтынушының сатып алу қабілетін бағалау үшін онлайн мінез-құлқы мен басқа да деректер қолданылуы мүмкін екені айтылады. Мұндай тәсілдің өзі заңсыз деп саналмайды, бірақ бағаның жеке адамның әдеттерін ескеру арқылы тағайындалатыны туралы ақпарат сатып алу шешімін қабылдағанға дейін берілуге тиіс.

ЖИ-ге қандай мәліметтерді мүлде жүктеуге болмайды?

Киберқауіпсіздік сарапшысы Гүлдана Жұматай ЖИ-ге жүктеуге болмайтын деректердің тізбесін атады.

- Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН). Ол адамға өмір бойы беріледі және жаңасына ауыстыру мүмкін емес. Сыртқа тарап кетсе, алаяқтар адамның атына микрокредит рәсімдеуге әрекеттенуі немесе банк қызметкері болып қоңырау шалуы мүмкін.

- Банк картасы мен шотының нөмірлері, IBAN, CVV және PIN-кодтар. Бұл деректер ақша шешіп алуға немесе банк қауіпсіздік қызметінің атынан сенімді көрінетін қоңырау шалуға жеткілікті.

- Аккаунт логиндері, парольдер, SMS-кодтар және eGov кодтары. Бұлар жеке аккаунттарыңызға кіруге мүмкіндік беретін кілттер. Ешбір ресми сервис мұндай кодтарды чатқа енгізуді сұрамайды.

- Жеке куәлік пен паспорттың скандары, фотосуреттері, құжатпен бірге түскен селфи. Бұл деректерді алаяқтар сіздің атыңыздан жеке басыңызды растау үшін пайдалануы мүмкін.

- Аты-жөні көрсетілген банк үзінділері. Олардан адамның қанша табыс табатынын, қайда тұратынын, қай жерден сауда жасайтынын және кімге ақша аударатынын білуге болады.

- Қарыздар, мерзімі өткен төлемдер және кредиттік рейтинг. Бұл ақпарат адамның қаржылық тұрғыдан осал жағдайын көрсетеді. Алаяқтар дәл осындай адамдарды «тиімді қайта қаржыландыру» туралы ұсыныстармен іздеуі мүмкін.

- Дәріханалар мен медициналық мекемелерге жасалған төлемдер. Олар адамның денсаулық жағдайы туралы мәліметті ашуы мүмкін. Бұл дербес деректердің ең сезімтал санаттарының бірі.

- Мекенжайлар, геолокация, балалар мен жақындары туралы мәліметтер. Осы ақпарат арқылы адамның күнделікті жүріп-тұратын бағытын, өмір салты мен қарым-қатынас ортасын анықтауға болады. Мұндай деректер әлеуметтік инженерияға негіз болуы мүмкін.

- Мұндағы ереже қарапайым. Көшеде кездескен бейтаныс адамға көрсетуге немесе айтуға болмайтын ақпаратты чат-ботқа да бермеген жөн. «Шұғыл түрде несие алуым керек еді» деген сияқты қандай ситуацияда екеніңізді көрстететін мәліметті де диалог кезінде ЖИ-ге жазбаған дұрыс. Жасанды интеллект күнделікті өміріміз бен жұмысымыздың бір бөлігіне айналды. Одан бас тартудың қажеті жоқ. Ең бастысы, оның қалай жұмыс істейтінін түсініп, саналы түрде пайдалану керек, - деді маман.

Түйіндесек, ЖИ-ді қаржылық есепте қолдануға болады, бірақ оңай жағына қызығып, жеке деректерді бас-көзсіз беруге болмайды. Құжатта неғұрлым аз ақпарат болса, оны сізге «қарсы» пайдалану ықтималдығы да соғұрлым төмен болады.