Банк жүйесіндегі ақау: қостанайлық кәсіпкер банктен 400 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырған
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай полицейлері ірі көлемдегі ақша ұрлығын әшкереледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қостанай облысының полиция департаменті хабарлағандай, қостанайлық кәсіпкер банк жүйесіндегі ақауды пайдаланып, 416 миллион теңгені иемденіп кеткен.
«55 жастағы кәсіпкер досынан пайдалану үшін банк картасын алып, картаның шотына 500 мың теңге салған. Бұл соманы тауарды төлеуге аударғаннан кейін ол картада тағы осындай көлемдегі ақша пайда болғанын біледі. Сонымен екі күн ішінде кәсіпкерге 416 миллион теңгеден астам қаржы түскен. Белгілі болғандай, банкте жүйе істен шыққан. Сонда да пысық қостанайлық еш саспаған. Ол ақшаны елдегі таныстары мен достарының картасына аудара бастаған, осылайша олар аударылған ақшаны алып, өзіне қайтарып алады. Ер адам картамен мәселе туындауына байланысты оларға ақша шеше алмайтынын айтып түсіндірген»,- деді департаментте.
Қостанай қаласы ПБ жедел уәкілдері полиция майоры Денис Кононенко аға лейтенант жедел іздестіру шаралары барысында интернет ұрысын анықтап, ұстады. Тергеушілер Дана Малинина мен Аягөз Төлегенова қылмыстық істі сапалы түрде тергеп жүргізуде.
Нәтижесінде сот үкімімен қостанайлық жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Сол банктің басшылығы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына алғыс хат жолдаған.
«Қостанай облысы полиция департаменті қызметкерлерінің кәсіби іс-әрекеттерінің арқасында 416 млн теңгеден астам сомадағы банк қаражатын жымқыру фактісі жедел тергелді. Қылмыстық іс сотқа жіберілді. Полицейлер тергеудің заманауи әдістерін игерген, бұл – азаматтардың құқықтарын қауіп-қатерлердің жаңа түрлерінен қорғаудың маңызды кепілі», - деді банк қызметкерлері.