Банк жүйесіндегі сенімсіз несиелердің көлемі 19 млрд. долларды құрап отыр - «Ernst & Young» компаниясының аға менеджері
АЛМАТЫ. Маусымның 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Сенімсіз несиелермен жұмыста мемлекеттің алар орны өте зор.
Бұл жайлы бүгін Алматыда АҚШ пен Қазақстан арасындағы мемлекеттік және жеке экономикалық әріптестік құру бастамасы аясында банктік және қаржылық реформалар туралы дөңгелек үстел жиынында айтылды.
«Маусымның 2-сі күні біз сенімсіз несиелер туралы дөңгелек үстел мәжілісін өткіздік. Оған билік орындарының, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл- ауқат қорының, банктердің, инвесторлардың өкілдері және кеңесшілер мен заңгерлер қатысты. ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің сәуір айындағы мәліметтері бойынша Сенімсіз несиелер 19 миллиард долларды құрады. Бұл 2009 жылғы жалпы ішкі өнімнің 18 пайызына тең. Сенімсіз несиелердің көлемі жағынан 11,5 миллиард доллармен БТА банк көш бастап келеді», дейді «Ernst & Young» компаниясының аға менеджері Немат Хананбаев. Оның айтуынша, қата құрылымдау үдерісі кезінде дөңгелек үстелге қатысушылардың кейбірінің пікірінше, сенімсіз несиелер көлемі 30 миллиард долларға дейін ұлғаяды. Бұл одан да жоғары болуы мүмкін. Өйткені қайта құрылымдау ресми түрде 3 банкте ғана жүзеге асырылуда. Сондықтан сенімсіз несие мәселесін шешу үшін бұл дөңгелек үстел жиыны кезінде қатысушылар үкіметке өз ұсыныстарын жасамақ.