Банкроттық рәсімдеуге өтініш беру наурызда басталады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда тұрғындарымен кездескен Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов банкроттық рәсімдеу үшін өтініш беру тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ержан Біржановтың айтуынша, қарызы бар азаматтар 2023 жылдың наурыз айынан бастап банкроттыққа арыз бере алады. Соттан тыс банкроттық рәсімдеу мемлекеттік кірістер органдары арқылы жүргізіледі. Азаматтар бұл қызметті электронды нысанда «egov.kz» порталы және «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасының көмегімен алуына болады. Кейін өтініш Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесіне түседі. Осы деректерді алғаннан соң жауапты мемлекеттік және басқа органдар борышкердің банкроттық рәсімдеуге жататын санатқа сәйкестігін тексереді. Азаматтың өтініші талаптарға сай келсе немесе оны құзырлы орган банкрот деп танудан бас тартса, тиісті хабарлама «egov.kz» порталындағы «жеке кабинетіне» келеді.
«Соттан тыс банкроттықты азаматтар тек келесі шарттарды орындай отырып рәсімдейді: банк, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 5,5 млн теңгеден немесе 1 600 АЕК-тен аспаса, өтініш берген күннен бастап қатарынан 12 ай ішінде міндеттемелері өтелмеген болса және өтініш берушінің мүлкі болмаған жағдайда.
Борышкер әуелі банкпен берешегі бойынша жұмыс жүргізуі тиіс. Сонымен қатар, банкрот деп танылғандарға бұл шара тек 7 жылдан кейін ғана қайта қолданылады. Банкроттық 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарға және 5 жылдан астам уақыт қарызы өтелмеген азаматтарға рәсімделеді», - деді Ержан Біржанов.
Қарызы 5,5 млн теңгеден асатын борышкерлер сот банкроттығына жүгіне алады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты ретінде қаралса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Ал, жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды. Қалған өтелмеген сома, егер төлеуге мүмкіндігі жоқ борышкер болмаса, есептен шығарылуы тиіс.
Үшінші рәсім – төлем қабілетін қалпына келтіру. Тұрақты табыс болған жағдайда қарызды төлеу үшін 5 жылға дейін сот тәртібімен бөліп төлеу мүмкіндігін алуға болады. Бұл процедура қаржы басқарушымен бірлесе әзірленіп, сотта бекітіледі. Аталған механизмнің артықшылығы – адамға «банкрот» мәртебесі берілмейді. Тиісінше, банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.