Банктер 2014 жылдан бастап кепілсіз тұтыну несиесінің жылдық өсімін 30 пайыздан асырмауы керек - Қайрат Келімбетов

АЛМАТЫ. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанда кепілсіз тұтыну несиесі қазір банктердің несие қоржынының 15 пайызынан аспайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов бүгін Алматыда қаржы нарығындағы ахуал туралы баспасөз мәслихатында айтты.

Банктер 2014 жылдан бастап кепілсіз тұтыну несиесінің жылдық өсімін 30 пайыздан асырмауы керек - Қайрат Келімбетов

«Кепілсіз тұтыну несиесі Ресейде - 30, Еуропа елдерінде 50 пайыздан асады. Біз үшін оның көлемі емес, өсу қарқыны маңызды болып отыр. 2012 жылдың 1 қаңтары мен 2013 жылдың 1 қаңтары аралығында оның көлемі 100 пайыздан астам өскен», - дейді Қ.Келімбетов.

Бас банкирдің айтуынша, олар «күйіп кетудің» алдын алу үшін банктермен келісімге келген. Енді 2014 жылдан бастап кепілсіз тұтыну несиесінің өсу қарқыны 30 пайызбен шектелетін болады. Қазір жұртшылықтың қаржы ұйымдарына қатысты шағымдарының 60 пайызы банктерге қатысты, ал оның 40 пайызы қарызды қайта құрылымдауға байланысты болып отыр.