Банктер «7-20-25» бағдарламасына қатысуға дайын - Данияр Ақышев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Банктер «7-20-25» бағдарламасына қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілерге ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұдан бұрын жарияланғандай, «7-20-25» бағдарламасын 2018 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап жүзеге асыруға ниеттіміз. Алайда оның сәтті өтуі үшін бізге алдымен заңнаманы өзгерту керек болып отыр, яғни ережелердің тиісті деңгейде жұмыс істеуіне назар аударылады. Екіншіден, бұл бағдарламаны тек нарықтық ұстанымдар аясында іске қосамыз және бізбен талқылауда болған банктер бағдарламаның негізгі операторлары ретінде кіріседі. Осы орайда олардың барлығы өздерінің дайын екендіктерін мәлімдеді. Жалпы, банктерді аталған бағдарламаның талаптарымен келісіп отыр», - деді Ақышев.
Осы орайда ол бүгінде банктермен осы бағдарламаны жүзеге асырудың мән-жайы пысықталып жатқанын атап өтті.
«Сондықтан 2018 жылдың екінші жартыжылдығынан банктер ұсыныстар жасауға дайын болуы үшін олармен тиісті қадамдарды пысықтап жатырмыз», - деді ҰБ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жария етті.
Осы бастамалардың бірі «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағытына арналып отыр.
«Сондықтан, мен «7 - 20 - 25» бағдарламасын ұсынамын. Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады. Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.