Банктер ипотека беруге неге белсенді емес
АСТАНА. ҚазАқпарат - Банктер ипотекаға қатысуға белсенділік танытпай отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Қашақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Банктерге тоқталатын болсақ, олар ипотекаға қатысуға белсенділік танытпай отыр. 2016 жылы банктік заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді, осы орайда бұл қадамдар ипотека алушылардың мүддесін қорғап отыр. Мерзімі өтіп кеткен ипотека бойынша, яғни оның уақыты 6 айдан асып кетсе, онда бүгінде банктер өсімпұлдарды есептеуге және айыппұлдардың өзге де түрлерін қосуға құқылы емес»,-деп тоқталды комитет өкілі Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы тұрғын үй және инфрақұрылым мәселесі жөніндегі комиссияның отырысында.
Сонымен қатар Б. Қашақов проблемалы ипотека алушыларға байланысты туындаған сот тәжірибесі туралы айтып берді. Бұл тұрғыда егер адамның жалғыз баспанасы болса, оны тартып алуға жол берілмейді.
«Банктер үшін тағы бір проблема міндеттемелерді орындау бойынша тәртіптің өзгеруіне қатысты болып отыр. Атап айтқанда, қазір бастапқыда негізгі қарыз төленеді, ал кейінннен пайыздық мөлшерлеме өтеледі. Осы факторларға байланысты банктер ипотеканы беруде аса белсенділік танытпай отыр», - деп нақтылады Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істер комитеті төрағасының орынбасары.