Банктер мобильді аударымдар комиссиясын қашан түсіреді – Ұлттық банк жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов Сенаттағы дөңгелек үстелде банктер арасындағы мобильді аударым комиссиясы қашан түсетінін айтты.

- Банктер арасындағы аударымдармен байланысты комиссия тарифтерін біріздендіруді ойластырып жатырсыздар ма? Өткенде айттым, «Халық банктен» 200 теңге аударылып кеткен ақшаны Kaspi bank қайтарып беру үшін 3600 теңге комиссия алады екен. Мен бұл әділетсіз деп ойлаймын. Комиссиялардың мәселесі өте салмақты, - деп сұрады сенатор Бекболат Орынбеков.
Берік Шолпанқұлов бұл Mastercard, Visa халықаралық жүйелерінің талабы екенін айтады.
- Қазір банктер арасындағы аударым транзакциялары Mastercard халықаралық төлем жүйесінің карталары арқылы жасалады. Солардың тариф саясаты қолданылып отыр. Өзіміз дайындаған мобильді аударымдардың Open API жүйесі туралы неге айтып отырмын? Өз банктеріміздің арасында осы жүйе арқылы аударым жасауға мүмкіндік туады. Осындай жағдайда комиссия тарифі жүйеге қатысатын банктерге байланысты болады. Осы тұрғыда тарифтер комитетін құрдық. Осылайша банктердің тарифтерін төмендету бағытында шешімдер қабылдаймыз. Өйткені арада үшінші ойыншы болмайды, - деді ол.
Ұлттық банк өкілі бұл жүйе мобильді аударымдар бойынша да, QR төлемдер бойынша да жұмыс істейтінін айтады.
- Қазір банктер арасындағы бүкіл аударымдар Mastercard, Visa халықаралық жүйелері арқылы өтіп жатыр. Олардың өз тариф саясаты бар. Дегенмен олар да биыл комиссия тарифін 3 пайыздан 1 пайызға дейін түсіріп отыр. Өз банктеріміз арасындағы аударым жүйесін іске қосқан сәтте-ақ, ол комиссия тарифтері құлайды, - деді Берік Шолпанқұлов.
Бұған дейін Ұлттық банк мамыр айында Ұлттық қордан 1 млрд доллар сатуы мүмкін екенін жазған едік.