Банктерді мобильді аударым комиссиясын төмендетуге міндеттемейміз – Ұлттық банк өкілі
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов елдегі екінші деңгейлі банктер арасындағы мобильді аударымдарды реттейтін ортақ жүйе комиссия тарифтеріне қалай әсер ететіні туралы түсінік берді.

Бұған дейін ол Сенатта өткен дөңгелек үстелде ортақ экожүйе банктер арасындағы мобильді аударымдардың комиссиясын төмендететінін айтқан болатын.
Баспасөз мәслихаты кезінде өзара мобильді аударымдар ортақ экожүйеге өткенімен банктер осы қызмет үшін алатын комиссия тарифін төмендетуге міндеттелмейтінін айтты.
- Дөңгелек үстелде комиссия тарифтерін төмендету туралы шешім қабылдаймыз деп айтқан жоқпын. Банктерде тарифті төмендетуге мүмкіндік болады деген болатынмын. Яғни, ортақ экожүйеге кірген банктердің ешбіріне ондай міндет қоймаймыз, - деді Ұлттық банк басшысының орынбасары.
Айта кетейік, банктер арасындағы ортақ QR-кодқа екі банк қана қосылған.