Банктердің мәселесін салық төлеушілердің есебінен шешпеуіміз керек - депутат

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ақ жол» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Дания Еспаева Мемлекет басшысының өз Жолдауында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған шараларын қолдайтынын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Президент өзінің кейінгі Жолдауы арқылы шағын және орта бизнес өкілдеріне үлкен қолдау көрсетіп отыр. Бұған дейін аталып өткендей, қазір бизнес қаражатқа тәуелді болып тұр. Елде төтенше жағдай енгізілген кезде біздің партия Үкіметке де, Ұлттық банкке де сол кезде кәсіпкерлерге көрсетілген көмектің аз екенін айтып, сауал жолдаған болатын. Себебі ол кезде банктердің бар көмегі – несиені кейінге шегеру ғана болды. Алайда карантин біткенімен кіріс өспейтінін бәріміз білеміз. Сол себепті бұл несиелерді жеңілдетілген ставка бойынша қайта қаржыландыруды ұсындық. Президенттің осы ретте ставканы 6 пайызға дейін төмендету туралы тапсырмасы берілді», - деді Дания Еспаева ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Депутаттың айтуынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова қыркүйектің басында өткен Үкімет отырысында «қиын жағдайда қалған ШОБ бойынша қазіргі уақытта жылдық орташа ставка 15 пайыз екенін» айтып, Үкіметке екінші деңгейлі банктердің қарыздары бойынша 20 пайызбен қайта қаржыландыруды ұсынған.

«Яғни, біз салық төлеушілердің есебінен банктердің мәселелерін шешуіміз керек екен. Олай болмау керек. Сол үшін жылдық 20 пайыздық орташа ставкамен қарыз берген банктер жылдық ставканы 14 пайызға дейін төмендету керек. Артынша 6 пайызға азаяды. Сол себепті Президенттің бастамасын толық қолдаймын», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар