Банктердің несие портфелі 10% өсті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде кәсіпорындарға бағытталған несие сомасы өсті. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Банктердің несие бөлуінің оң қарқыны экономиканы қолдап отыр. Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфелі осы жылғы қаңтар-шілде айларында 20,4 трлн теңгеге дейін 10,1 % өсті. Оның ішінде кәсіпорындарға бағытталған несие 8 трлн теңгеге артты», - деді Ғ. Пірматов елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, экономиканың жаңа сыртқы жағдайларға бейімделуінің қазіргі жағдайында ұзақ мерзімді жобалар қайта қаралып жатыр. Бұл өз кезегінде несие бөлу қарқынына әсер етеді.
Сонымен қатар ҰБ басшысы сыртқы экономикалық ахуалға тоқталды.
«Биылғы шілде және тамыз айларында ФАО азық-түлік бағасының индексі тиісінше 9%-ға және
1,9%-ға айтарлықтай арзандауы нәтижесінде орын алды. Астық бағасының арзандауы Украинаның негізгі Қара теңіз порттарының ашылуы және егін жинаудың басталуы туралы уағдаластыққа байланысты болды. Мұның бәрі ұсыныстың артуына ықпал етті», - деді ол.
«Әлемдегі инфляция әлі де болса жоғары деңгейде тұр, ол орталық банктер тарапынан қатаң монетарлық саясат жүргізуді талап етеді. Әлемдік тауар нарықтарында мұнайдың салыстырмалы түрде жоғары бағасының сақталуы ескеріліп отыр. Халықаралық ұйымдардың болжамдары бойынша 2022 жылы Brent маркалы мұнай бағасы орташа есеппен бір баррель үшін 105 долларды құрайды, ал 2023 жылы бір баррель үшін 90 доллар болады», - деді Ғ. Пірматов.