Банктерге халыққа емес, бизнеске несие беру тиімді бола түсті — Тимур Сүлейменов
АСТАНА. KAZINFORM — Тұтынушылық несиені шектеу шаралары халықтың займ алуын баяулатуға септігін тигізді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.
Оның айтуынша, соңғы 3-4 жыл бойы халықтың несие алу көлемі жыл сайын шамамен 30 пайызға өсіп отырды. Сондықтан жағдай қосымша шектеу шараларын қабылдауды талап етті.
— Халыққа берілетін несиелерге қатысты секторлық контрциклдік капитал буферін енгіздік. Несие мерзіміне байланысты қосымша шектеулер қабылдадық. Естеріңізде болса, бұрын тұтынушылық несиелерді бес, жеті, сегіз, тіпті тоғыз жылға дейін беруге болатын. Негізінде бұл ай сайынғы төлем мөлшерін азайтып, пруденциялық талаптарды айналып өту үшін жасалатын. Біз бұған шектеу қойдық, — деді Тимур Сүлейменов Мәжіліс кулуарында.
Сонымен қатар ол банктер үшін салық шарттарын өзгертілгенін атап өтті.
— Енді халыққа берілетін несиелерге корпоративтік табыс салығының 25 пайыздық мөлшерлемесі қолданылады, ал бизнеске берілетін несиелер үшін 20 пайыздық мөлшерлеме сақталады. Осылайша, банктерде тек халықты ғана емес, бизнесті де несиелендіруге қосымша ынта пайда болады, — деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.
Тимур Сүлейменовтің атап өтуінше, қабылданған шаралар қазірдің өзінде нәтиже беріп жатыр. Халықты несиелендіру қарқыны баяулап, ал бизнесті несиелендіру өсімін жалғастырып, 18 пайызға жетті.
Бұған дейін елімізде несие бергенде, қарыз жүктемесін есептеу ережесі өзгеретінін жазған едік.