Банктерге жарнамада маңызды ақпаратты ұсақ қаріппен жазуға тыйым салынады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық өнімдерді жарнамалауға қойылатын жаңа талаптарды енгізді.
Енді банктер өз ұсыныстарының құнын, тәуекелдерін және шарттарын тұтынушыларға барынша түсінікті түрде көрсетуге, маңызды ақпаратты ұсақ қаріппен немесе ескертулердің астына жасыруға жол бермеуі тиіс. Тиісті нормалар қаржылық өнімдерді басқаруға қойылатын жаңа талаптарда бекітілді.
Құжатқа сәйкес, жарнама тұтынушыларды қаржылық өнімнің сипаттамалары, құны, табыстылығы мен тәуекелдеріне қатысты жаңылыстырмауы керек. Ақпарат арнайы білімі жоқ қарапайым адам да түсіне алатындай етіп берілуі тиіс.
Аудио және визуалды жарнамаға қандай талаптар қойылады
Мәтіндік жарнамада тәуекелдер туралы ақпарат көзге анық көрініп, оқуға ыңғайлы болуы қажет. Бұл талап қаріптің өлшеміне және ақпараттың экранда көрсетілу ұзақтығына да қатысты. Аудиожарнамада ескертулер мен шектеулер тыңдаушы оларды толық түсіне алатындай қарқынмен айтылуы тиіс.
Бейнероликтерде маңызды ақпарат көрермен оны алғашқы көргеннен-ақ түсіне алатындай етіп көрсетілуі керек. Маңызды шарттарды басқа визуалды элементтермен жауып қоюға немесе дыбыстық әсерлермен естілмейтіндей етуге болмайды.
Сондай-ақ өнімнің шарттары мен сипаттамаларын оның артықшылықтарына қарағанда көзге түспейтіндей етіп көрсетуге тыйым салынады. Мысалы, оларды артықшылықтарға қарағанда ұсақ қаріппен жазуға немесе экранда аз уақыт көрсетуге болмайды.
Жарнамада тағы нені жасыруға болмайды
Сонымен қатар егер жарнамада қаржылық өнімнің құны немесе төлем мөлшері көрсетілсе, қаржы ұйымы клиенттің барлық шығыны туралы толық ақпарат беруге міндетті.
Оларға:
- сыйақы мөлшерлемесі;
- жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі;
- тарифтер;
- комиссиялар;
- шартта көзделген басқа да төлемдер жатады.
Бұдан бөлек, қаржылық өнім жарнамасында:
• клиент белгілі бір қосымша шарттарды орындауы қажет болса, өнімді «тегін» немесе «комиссиясыз» деп көрсетуге;
• бір комиссияның жоқтығын айтып, басқа төлемдер туралы ақпаратты жасыруға;
• клиенттің нақты алатын табысын азайтатын комиссиялар мен басқа да шығындарды есепке алмай, табыстылықты көрсетуге;
• жеңілдетілген мөлшерлемені немесе комиссияны оның қолданылу мерзімін, оны алу шарттарын және жеңілдік кезеңі аяқталғаннан кейін қолданылатын стандартты талаптарды көрсетпей жарнамалауға болмайды.
Егер қаржы ұйымы өнімнің өткен кезеңдердегі көрсеткіштерін жарнамада келтірсе, ол болашақта дәл осындай нәтижеге кепілдік берілмейтінін ескертуі тиіс.
Бұған дейін медициналық қызметтер жарнамасына талап қатаңдайтынын жазғанбыз.