Бану Нұрғазиева: Бейпартиялық сайлауды байқау орталығының міндеті – ешкімді алаламай бақылау жүргізу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бейпартиялық сайлауды байқау орталығының мүшелері елордада «Nur Otan» партиясының мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бану Нұрғазиева: Бейпартиялық сайлауды байқау орталығының міндеті – ешкімді алаламай бақылау жүргізу

«Егер сіздер партияның өкілдері болсаңыздар, біз бейпартиялық орталықтанбыз. Біз үкіметтік емес қоғамдық ұйымның атынан шығып отырмыз. Сіздер де қоғамдық ұйым болғанымен саяси партиясыздар. Саяси партиялар – сайлау процесінің басты қатысушысы. Біздің Бейпартиялық сайлауды байқау орталығының басты міндеті – ешкімді алаламай бақылау жүргізу. Сонымен қатар біз барлық партиямен өзара қарым-қатынасты ретке келтіруіміз керек», - деді кездесуде Бейпартиялық сайлауды байқау орталығының жетекшісі, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева.

Жиында сөз сөйлеген «Nur Otan» партиясының өкілдері де адал әрі әділ сайлау өткізуге мүдделі екенін білдірді.

«Біздің партия сайлау күні бекітілген заңнама аясында партиялық байқаушылардың барлық құқығын пайдаланады. Біз де сайлаудың әділ әрі адал өткізілуіне мүдделіміз», - деді кездесуге қатысқан «Nur Otan» партиясының өкілі Арман Қапесов.

Өз кезегінде Бану Нұрғазиева сайлаудың заң шеңберінде өткізілуі бақыланатынын жеткізді.

«Бүкіл халық ел сенімін ақтаған партияның жеңгенін қалайды. Осылайша Парламентте үздіктер ғана ел ісіне араласқанын күтіп отыр», - деді Бану Нұрғазиева.