Бапкер екі жыл зорлап келген: Қызылордалық жасөспірімнің отбасы істің әділ тергелуін сұрайды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Бұған дейін «хоккей жаттықтырушысы зорлап, қысым көрсетті» деп мәлімдеме жасаған қызылордалық жасөспірім Kazinform тілшісіне мән-жайды баяндап берді. Жәбірленуші мен оның туыстары күдіктінің екі жылға жуық уақыт бойы қорқытып, күш көрсетіп, бопсалағанын айтып, істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етті.

зорлық-зомбылық
Фото: Kazinform/ЖИ

Сырдария ауданы Тереңөзек кентінің кәмелетке толмаған тұрғыны көгалдағы хоккеймен 2021 жылдан, яғни бесінші сыныптан бастап айналысқан.

2023 жылы жалақы алатын спортшы ретінде спорт клубына қабылданып, жаттықтырушысы ауысқан. Жаңа бапкерінің ұят тірлігі 2024 жылы Талдықорған қаласына жарысқа барғанда басталған. 

— Азия чемпионаты өтті, бірақ оған қатыспадық. Бізді көрермен ретінде апарды. Барғандардың арасындағы жасы кішісі мен едім. Спортшылар жасына қарай топтасып жүреді және олар өзгені ортасына қоспайды. Жарысқа барған кезде де үлкендер жағы мені шеттетті. Жалдамалы пәтерде бірге тұрғанымызбен кешке қарай олар көшеге шығып кетіп, мен жалғыз қалдым. Сол аралықта жаттықтырушы «қыздарға» деп сусын әкелді. Алайда пәтерде ешкім болмағандықтан маған құйып берді де, қалғанын тоңазытқышқа қойып, өзі кетіп қалды. Оны ішкеннен кейін не болғанын білмеймін. Таңға таяу оянғанымда қасымда ағай жатты. Мен жалаңаш екенмін. Қан болып тұрдым. Ағайдан «не істедіңіз, не болды?» деп сұрағанымда «не істегенімді біліп тұрсың» деп көзін жұмып жатып қалды. Қорыққанымнан басқа бөлмеге кетіп қалдым. Ауылға оралған кезде сол жағдайды камераға түсіріп алғанын, біреуге тіс жарсам, соны тарататынын айтып, «қарабет қыламын, әулетіңмен құртамын» деп қорқытты, — деді жәбірленуші. 

Жәбірленуші бұл жағдайдан кейін де қысым тоқтамағанын жеткізді. Күдікті Тараздағы жарыстардың бірінде құрбысы екеуін өз бөлмесіне орналастырған. Оңашада есірткі берген, әрі қарай не болғаны есінде жоқ. 

— Бір жолы Тереңөзек кентіндегі бос тұрған үйге апарды, ол кезде мас болатын. Ұрысып, түгел шешіндіріп, қабырғаға тақап ұрып-соқты. Пышақ тақап қорқытып, онысын жамбасыма сұғып алды. Құрбыма бейнеқоңырау арқылы хабарласып, дәрменсіз күйімді көрсетті. Аузымнан қан ағып тұрған, денем, бет-аузым көгеріп қалған еді. Маусым айында Талдықорғанда тағы жарыс болды. Жалғыз өзімді көлігімен алып кетті. Қалған қыздар автобуспен барды. Жол бойы ұрып-соғумен болды. Көзімнің жартысы қызарып кетті, есірткі ұсынды. Қарсыласқаныма қарамастан оң жақ тіземе қайшы сұғып алды. Пәтерге келгеннен кейін тағы да еркімнен тыс жыныстық қатынасқа тартты, — деп еске алды ол. 

жарақат
Фото жәбірленушінің жеке архивінен

Кейін жәбірленуші команда құрамынан шығарылған. Алайда, бірнеше күннен соң қайтадан жаттығуға келуін талап етіп, келмеген жағдайда бұрын түсірілген бейнематериалдарды тарататынын айтып қорқытқан. 

— Жаттықтырушының әйелі анама «күйеуім қызыңызбен жүріп жүр» деп хабарласқан. Осыдан кейін анам, тәтем үшеуміз оның үйіне бардық. Келе жатқанымызды біліп ағай қашып кеткен. Әйелі басқа қалаға кетіпті, үйінде анасы ғана бар екен. «Жалғыз ұлымды соттатпаңдар» деп жылап, жалынды. «Әйелімен ажырасып жатыр, бұл екеуін қосайық» деп анамды көндірді. Сол уақытта жаттықтырушы келіп, мені кенттегі әлгі бос тұрған үйге жұлқылап алып кетті. Телефонымды алып қойып, менің атымнан анама «оның үстінен арыз жазбаңдар, мен оны жақсы көремін, әйтпесе өлемін» деп хабарлама жіберді. Ал маған «жоғарыда ағаларым бар, бәрібір ештеңе істей алмайсыңдар, өздеріңді түрмеге, сені колонияға қаматамын» деді. Мені өлімге қимаған анам амалсыз айтқанына келісті. Қыркүйек айында «кәмелетке толмаған қызбен жақындасты» деген себеппен бапкерліктен босатылды. Соған қарамастан кейін мені «қарсылас команданың құрамында ойнайсың» деп Тараз қаласына жарысқа апарды. Сол жолы екеуміз бір пәтер жалдадық. Кешкісін сыртта жүргенімде шашымнан жұлқылап, сүйрей жөнелді. Қанша шыңғырсам да ешкім көмекке келген жоқ. «Саған ешкім көмектеспейді, бейшара» деп, пәтерге әкеп ұрып-соғуын жалғастырды. Әйелінен бөлек кеткен кезде қаладан пәтер жалдап тұрды. Тұратын жері болмағандықтан анасы үй сатып әперді. Байқаусызда телефонынан қарындасының «қызды өзіңмен бірге тұрғыз, он алтыға толғасын қосамыз» деген хабарламасын көзім шалды. Оның үйінде екеуміз тұрып жатқанымызды үлкен тәтем мен анамнан басқа ешкім білмеді, — деді жәбірленуші. 

Күдікті жасөспірімнің тәнін таныстарына саудалап, сол үшін есірткі мен ақша алып отырған көрінеді. Туыстары бұл жағдайға басқа адамдардың да қатысы барына сенімді және олардың әрекетіне құқықтық баға берілуін сұрайды. 

Жәбірленушінің отбасы бұл жағдайдан хабардар болғаннан кейін құқық қорғау органдарына жүгінген. Алайда құқық қорғау органдары отбасы мүшелеріне қатысты да қылмыстық іс қозғаған.

— Біз шағымданғаннан кейін қарсы тарап біздің үстімізден арызданған. Сіңлімді қорғауға тырысқан анам мен ініме еш жазығы болмаса да «адам ұрлығы» және «өз бетінше жазалау» баптарымен іс қозғалды. Әуелгіде қамап тастады, кейін үйқамаққа ауыстырды. Інім ол кезде кәмелетке толмаған, колледжде оқиды. Такси жүргізушісі мен тағы бір азаматқа қатысты да шара қолданылды. Бірақ олардың ешқандай жазығы жоқ. Бірі қызын, екіншісі қарындасын қорғағаннан басқа ештеңе істемеді, — дейді әпкесі.

Жәбірленушінің туыстары күдікті тараптың «үй, ақша талап етті» деген уәжін жоққа шығарып, пәтер ақысы мен басқа да төлемдерге қатысты чектердің тергеуге ұсынылғанын атап өтті.

Әпкесінің айтуынша, сіңлісі жарыстардан келген сайын денесінде жарақат белгілері байқалған. 

— «Не болды?» деп сұрасақ, «доп тиді» немесе «шалынып құладым» деп құтылатын. Кейде жарасы жазылғанға дейін үйге келмей кететін. Ағайына сеніп тапсырғандықтан еш күмәніміз болған жоқ. Сіңлім бастапқыда сотта қорыққанынан шындықтан жалтарды. Дәлеліміз болмағандықтан біз де дер кезінде арыздана алмадық, — деді ол.

Жәбірленуші шыдамы таусылған соң биыл 3 ақпан күні болған жағдайды отбасына баяндап берген. Алайда осыдан кейін де күдікті қыздың үйінің маңын торуылдап, мазасын алуды жалғастырған. Жасөспірім оған есірткі әкеліп бермегені, басқа ер адаммен жыныстық қатынасқа түсу туралы талабын орындаудан бас тартқаны үшін қысым көргенін баяндады. Сұхбат барысында осындай әрекетке талай рет мәжбүрлегені белгілі болды.

Жәбірленуші тергеушілер іс материалдарымен танысуға мүмкіндік бермегенін, оқымай-ақ қол қойдырып алғанын алға тартты. Енді өзі де, отбасы да істің созылып кеткеніне алаңдап отыр.

Бұл жағдай жасөспірімнің оқуына да әсер еткен. Сабаққа баруға қорыққандықтан колледж басшылығына онлайн оқуға мүмкіндік беруді сұраған.

— Сіңлімнің психологиялық жағдайы өте ауыр. Сабаққа барғысы келмейді. Біз оны жалғыз қалдыруға қорқамыз. Оқу орны оқудан шығарып жібере ме деген қауіп бар. Іс аяқталғанша оның қауіпсіздігі қамтамасыз етілсе дейміз, — деді жасөспірімнің әпкесі.

Ол отбасына қысым жасалып жатқанын да жасырмады. Туыстарының айтуынша, күдікті тараптың өкілдері арыздан бас тартуды сұрап, баспана мен ақша ұсынған. Бірақ олар мұндай ұсыныстан бас тартқан.

— Бұл жерде бір қыздың өмірі қор болып, бір отбасының шырқы бұзылды. Күдіктілерден қолымен істегенін мойнымен көтеруін талап етеміз. Арам жолмен келген ақша да, үй де бізге керек емес. Біз заң аясында әділ шешім шығарылғанын қалаймыз. Сіңлімнің ғана емес, басқа да қыздардың қауіпсіздігі алаңдатады, — деді жасөспірімнің туысы.

хоккей
Фото: Magnific

Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бұған дейін күдіктінің бапкерлік қызметпен әлдеқашан қоштасқанын мәлімдеген болатын. 

— Аталған іс бойынша бұл азамат осыдан 2 жыл бұрын, яғни 2024 жылы басқармаға қарасты спорт мекемесіндегі көгалдағы хоккей жаттықтырушысы лауазымынан толығымен босатылған. Қазіргі уақытта ол спорт саласы мекемелерінде қызмет атқармайды, — делінген хабарламада.

Жәбірленуші тарап мұның шындыққа жанаспайтынын, күдіктінің 2025 жылы да жарысқа барғанын дәлелдейтін материалдар бар екенін алға тартты.

ҚР Ішкі істер министрлігі аталған факт бойынша тергеу жалғасып жатқанын атап өтті. 

— 2026 жылғы 5 мамыр күні жылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-2-бөлігінің 3-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Аталған дерек бойынша тергеу жүріп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмеуі тиіс, — делінген министрліктің хабарламасында. 

Жәбірленуші тарап Мемлекет басшысы мен құқық қорғау органдарынан істі ерекше бақылауға алып, барлық мән-жайға құқықтық баға беруді сұрайды. Сонымен қатар отбасы өздеріне қатысты қозғалған істер бойынша да заңсыздыққа жол берілмеуін және кінәсі дәлелденбеген адамдардың құқықтарының сақталуын талап етеді.

Бұрын хабарлағанымыздай, бұл іс облыстық полиция департамент басшылығының ерекше бақылауында.