Барак Обама бір мейманханада жалғыз өзі тұрмақ
АСТАНА. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат - Қараша айына жоспарланған өзінің Үндістанға сапары барысында АҚШ президенті ең сәнді Taj Mahal Palace мейманханасында тоқтап, онда жалғыз өзі тұратын болады.
Правда. Ру сайты хабарлап отырғандай, Барак Обама үшін мейманхананың барлық 560 бөлмесі ғана емес, банкет залдары мен мейрамханалары да броньдалып қойылған. Осы арқылы американдық билік өкілдері президент пен барлық американдық делегацияның қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.
Еске сала кетсек, 2008 жылы мейманхана ірі лаңкестік әрекет салдарынан қатты зардап шекті. 4 лаңкес жауынгер Taj Mahal Palace мейманханасына басып кіріп, 31 адамды, оның ішінде 12 қызметкерді өлтірді. Көне ғимаратты лаңкестерден тазарту операциясы бір тәулікке созылып, соның салдарынан оның көптеген жері бүлінді. Ол оқиға кезінде қаза тапқандардың жалпы саны 166 адамды құрады, 300-дей адам түрлі дене жарақаттарын алды.