Барак Обама Тунистегі билік ауысуын қуаттады
АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - АҚШ Президенті Барак Обама Тунистегі билік ауысуын қуаттады. Ақ үй басшысы мұндай мәлімдемесін «Елдегі жағдай туралы» конгреске дәстүрлі жолдауын (State of the Union) жасауы кезінде айтты, деп хабарлайды РБК.
"АҚШ Тунис халқын қолдайды, кез келген басқа халық сияқты олар да демократияның салтанат құруына қол жеткізуде", - деді ол. "Солтүстік Африка елі халқының еркі бұрынғы Тунис президенті орнатқан диктатура режимінен күштірек болып шықты", - деді Б.Обама.
Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылдың 14 қаңтарында Тунис президенті Зин эль-Абедин Бен Али елді тастап, Сауд Арабиясына қашып кеткен болатын. Биліктің ауысуы бұл елде 2010 жылдың желтоқсан айынан жаппай наразылық шерулерінің бой көтеруінен кейін орын алды. Мемлекеттегі жаппай жұмыссыздық, сыбайлас жемқорлық пен азық-түлікке бағаның шектен тыс шарықтап көтерілуі осындай халық наразылығына алып келді. Толқу кезінде 100-ден астам адамның өмірі қиылды.