Баренц теңізінде ресейлік балықшылар мінген кеме суға батты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кеме Ресей Федерациясының Архангельск облысындағы Новая Земля аралы маңында батты. Оның бортында 19 адам болған. Бұл туралы ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баренц теңізінде ресейлік балықшылар мінген кеме суға батты

«Сағат 07:30-да Баренц теңізі айдынының Архангельск облысындағы Новая Земля маңында «Онега» кемесінің батқаны туралы хабарлама келіп түсті. Кеменің экипажы 19 адамнан құралған. Екі адам құтқарылды, «Войково» кемесі іздеу шараларын жүргізуде», - деді РФ ТЖМ баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, кеменің батуына мұз қату себеп болған.

Экипажды іздеу жұмыстарына бес кеме жіберілді.

«Қазіргі кезде экипажды іздеуге бес кеме жіберілген. Солардың бірі гидрокостюм киіп алған екі теңізшіні көтерді, олар дін аман. Қалғандарымен байланыс жоқ», - деді агенттікке құтқару қызметінен. Ол, сондай-ақ, ауа райының қолайсыздығына байланысты авиацияның іздеу шараларына қатыса алмайтынын қосып өтті.

Дереккөздің атап өтуінше, алдын ала мәліметтер бойынша, құтқарылған екі теңізші – матрос пен штурман Ресей азаматтары.

Мурманск көлік прокуратурасы болған оқиғаны тексеру жұмыстарын жүргізуде. Оның қорытындысы Солтүстік-Батыс көліктік прокуратураның қадағалауында тұр.

«Onega» – суға 1979 жылы түсірілген балық аулайтын кеме. Сыйымдылығы – 358 тонна.