«Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз!» байқауы үш жылда бір рет ұйымдастырылады - министр Т.Дүйсенова

АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - «Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз!» атты республикалық байқау үш жылда бір ұйымдастырылатын болады. Бұл туралы бүгін журналистерге сұхбат берген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

«Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз!» байқауы үш жылда бір рет ұйымдастырылады - министр Т.Дүйсенова
Министр атап көрсеткендей, аталған шара барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың шығармашылық қабілетімен қатар интеллектуалды дайындығы да шыңдалады. «Бұл байқау мүгедек жандардың қазақстандық қоғамның толыққанды мүшесі бола алатындығын көрсетті. Сондықтан біз «Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз!» атты республикалық байқауды үш жылда бір рет өткізуді ұйғардық. Осы уақыттың ішінде олар дайындалып, өз өнерлерін тағы бір мәрте паш етпек», - дейді Т.Дүйсенова. Айта кетейік, биыл алғаш рет ұйымдастырылған байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 6 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат қатысты. Олар бір-бірімен араласып, қоғам өміріне өз үлестерін қоса алатындарын ашық көрсетті. «Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дені сау адамнан еш жері кем емес. Оны ән, би, қолөнер және тағы басқа сайыстардан анық байқауға болады. Олар да бір өкініп, бір қуанады. Мәселен, Дауна синдромы бар біздің бір баламыз би билеп, бірінші орынға ие болды. Дайындықта бір нәрсе дұрыс шықпай жатса, ол кәдімгідей намыстанады, көзіне жас алып, бұдан да жақсы билеуге тырысады. Міне, осы бір мысал мүмкіндігі шектеулі азаматтардың батылдығын, өмірге деген құлшынысын көрсетсе керек», - дейді Павлодар облысының өкілі, педагог-психолог Айнагүл Кәрімова.