«Бәріміз бірдейміз-кемсітуді білмейміз» байқауының республикалық турына 500-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан қатысады

Байқаудың ақтық сыны 22-25 қазанда елордада өтеді. Онда 10 аталым бойынша байқау қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар анықталады. Атап айтқанда, «Үздік әлеуметтік жоба», «Ең тату отбасы», «Ақылдылар», «Үздік студент», «Кәсібінің үздігі» «Үздік спортшы», «Алтын қауырсын», «Үздік өнерпаз», «Үздік би», «Үздік орындаушы». Финалдық турдың қазылар алқасының құрамы, сонымен қатар, соңғы кезеңді өткізудің ұйымдастырушылық мәселелері 10 қазанда Астанада өтетін ұйымдастырушылық комитеттің екінші отырысында анықталады.
Еске сала кетейік, өңірлерде байқаудың алғашқы аймақтық кезеңі өтіп, 5 мыңнан астам адамды қамтыды. Байқауға 6-45 жастағы мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедектер құрған жастар қоғамдық бірлестіктері мен ұйымдар қатысты. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Бәріміз бірдейміз-кемсітуді білмейміз» алғашқы республикалық байқауы мүгедектерге қоғам назарын аударуға, қоғамның түсінігін өзгертуге және мүгедектерге қарым-қатынасты өзгертуге бағытталған.