Кінәлілер жауапқа тартылады - Алматы облысының әкімі Талғардағы жағдай туралы
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Еңбекшіқазақ ауданы, Азат ауылындағы өртке және Талғар ауданындағы жағдайға байланысты Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жедел штаб отырысын өткізіп, шұғыл жиын өткізді.
«Біз марқұмның отбасына көмектесу үшін бар күшімізді саламыз. Жағдай бақылауда, барлық құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Заңдылықты қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Барлық кінәлілер жауапқа тартылады», - деді Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ облыс басшысы өртенген үйді толық қалпына келтіруді тапсырды.
«Отбасыға материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі», - деп атап өтті әкім.
Еске салайық, бұған дейін 4 қазан күні Талғар қаласындағы төбелестен жасөспірім қайтыс болғанын жазғанбыз.
Ал бүгін осы жанжалда баласы қайтыс болған отбасының үйі өртенді. Бұл жағдайдан кейін отбасы полиция қызметкерлерінің қорғауына алынды.
ҚР Бас прокуратурасы қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын хабарлады.