Барлық жағдай жасалған, бірақ қол қусырып отыра алмаймыз – «Теңізде» тұрып жатқан Құлсары тұрғындары

вахталық кент
Фото: Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM – Су басқан Құлсары қаласының 34998 тұрғыны қауіпсіз аймаққа көшірілді. Оның ішінде 7445 адам «Теңіз» кен орнындағы жатақханаларда тұрып жатыр.

«Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Айбек Қрамбаевтың мәліметіне сүйенсек, компания Жылыой ауданындағы су тасқынының зардабын жоюға 2 млрд теңге бөлген.

«2-4 сәуір аралығында Жылыой ауданындағы тасқын суға қарсы жұмыстар үшін 90-ға жуық арнайы техника, автобустар, азық-түлік және жанар-жағармай жіберді. Тұрғын үйін су басқан тұрғындар үшін вахталық кенттегі жатақханалардан орын дайындалды. Мұндай көмек әлі де жалғасады», - дейді ол.

вахталық кент
Фото: Kazinform

Қазір Құлсары қаласы мен Тұрғызба ауылының 7445 тұрғыны вахталық кенттегі жатақханаларда. Тұрғындар компанияның автобустарымен эвакуацияланды. Олардың дені – балалы әйелдер мен қарттар. Арасында жүкті аналар бар.

«Эвакуацияланған тұрғындардың бәрі жатын орынмен, ыстық тағаммен, қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етіліп отыр. Тұрғындар күн сайын медициналық тексеруден өткізіледі. Жүкті аналардың денсаулығын қадағалау үшін арнайы маман шақырылды», - дейді Айбек Қрамбаев.

вахталық кент
Фото: Kazinform

Оның айтуына қарағанда, мұнда балаларға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өйткені, олар мұндай жағдайға тез үйрене алмауы мүмкін. Сол себептен, балалар үшін түрлі ойын ұйымдастырылады. Тіпті кинотеатр ашылған. Мұнда балаларға қазір еліміздің ең ірі кинотеатрларында көрсетіліп жатқан мультфильмдер ұсынылады.

гуманитарлық
Фото: Kazinform
гуманитарлық
Фото: Kazinform
вахталық кент
Фото: Kazinform

Тұрғындарға ТШО мен мердігер мекемелердің қызметкерлерінен бөлек, еріктілер де көмекке келген. Компания қызметкерлері гуманитарлық көмек жинап, ұшақпен «Теңіздегі» вахталық кент пен Құлсары қаласына жеткізіп жатыр.

Құлсары
Фото: Kazinform

«Ешкімге де оңай емес. Су келе салысымен заттарымызды жинап, түнде вахталық қалашыққа келдік. Мұнда өмір сүруге жақсы жағдай жасалып отыр. Өзімізді үйдегідей сезінеміз. Асханада тағамның түр-түрі бар. Мейрамханадағыдай ас мәзірін таңдауға болады. Бізге жақсы қызмет көрсетіледі», - дейді Мақпал Шахарбаева.

асхана
Фото: Kazinform

Оның пікірінше, тұрғындардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне баса мән берілген. Балалар ойнауға шықса, күзетшілер бақылайды, яғни қауіпсіздік қатаң сақталады.

вахталық кент
Фото: Kazinform

Айта кетсек, әлеуметтік желіде кішкентай баланың соңынан жүгірген осындағы күзетшінің суреті тарады. Бұл сурет көпшіліктің жүзіне күлкі ұялатқан еді.

«Теңізде» өте сүйкімді «мәселе» пайда болды» деген пікір жазғандар бар.

Вахталық кенттің уақытша тұрғындары үшін балалар бәрі қызық. Мәселен, қоқыс сұрыптауға арналған түрлі-түсті контейнерлер таңсық көрінген.

«Мұнда қоқыстың барлығын сұрыптайды екен. Таңертең балаларымды ертіп, қоқыстарды сұрыптау неліктен маңызды екенін түсіндірдім. Құлсарыға оралған соң мен де қоқыстарды сұрыптауды бастаймын. Тіпті бір минутта қанша литр суды үнемдеуге болатыны туралы нұсқаулар жазылып қойылған. Бір қарағанда, қарапайым ғана нәрсе секілді ғой. Бірақ, «Теңіздегі» вахталық кентке келгенге дейін бұған онша мән бермеппін. Мұнда «Ауада күкіртті сутегі сасып жатыр» дегенді естуші едім. Бұл шындыққа жанаспайтын секілді. Осында келгелі басым ауырмайтын болды. Ауа таза екен. Ал, таза ауа күш-қуат береді. Өндіріс орны болғанымен, мұнда көліктер де аз», - дейді бес баланың анасы Айнагүл.

вахталық кент
Фото: Kazinform

Құлсары қаласын су басқанда алдымен «Аspar Kashagan» серіктестігі көмекке ұмтылыпты. Ол – «Теңізшевройл» мердігерлерінің бірі. Серіктестік басшылығы техникалық қолдау мен гуманитарлық көмектен бөлек, вахталық кенттегі жатақханаларға 700-ден астам адамды жайғастыруға шешім қабылдады.

«Біз Жылыой ауданында жұмыс істейміз. Осындай қиын күндерде жылыойлықтарға қалай көмектеспейміз? Эвакуацияланған тұрғындар азық-түлікпен және медициналық көмекпен қамтамасыз етілді. Қазір балалар жалықпауы үшін түрлі турнир ұйымдастырып жатырмыз», - дейді серіктестіктің өндірістік менеджері Салтанат Сүлейменова.

Ал, «Caspian Offshore Construction Realty» серіктестігі иелігіндегі «Болашақ» вахталық қалашығында 3000 адам орналасқан. Бұл – «Теңіз» кенішіндегі үлкен жатақханалардың бірі. Қалашық меңгерушісі Ғалымжан Әбірдің айтуынша, олар төрт сағатта қажетті бөлмелерді дайындап, 2 мыңнан астам адамды қабылдаған. Қазір мұнда орналасқан тұрғындар саны 3 мыңға жетті.

вахталық кент
Фото: Kazinform

«Әрқашан қанша бөлме және тамақ қажет екенін алдын ала жоспарлайтын едік. Бірақ, бұл жолы бәрі басқаша болып, Құлсары тұрғындарын тез қабылдадық. Олардың су тасқынынан кейін үрейге бой алдырғанын, тіпті уайымдағанын білеміз. Сондықтан біздің ұжым тұрғындар үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысты. Қазір тұрғындар үрейден арылып, өздерін үйдегідей сезінеді», - дейді Ғалымжан Әбір.

Құлсары қаласынан эвакуацияланған әйелдер мұнда бос жүрген жоқ. Олардың кейбірі вахталық қалашықтағы аспаздарға, енді біреулері техникалық қызметкерлерге көмектесіп жүр. Олар осындай қиын сәттерде бір-біріне қолдау көрсету маңызды екенін түсінеді.

«Иә, біз – мұнда уақытша қонақпыз. Оны өзіміз де сезініп жүрміз. Бірақ, таңертеңнен кешке дейін қол қусырып отырғымыз келмейді. Сондықтан біз қызметкерлерге көмектесеміз. Көмектескеннің еш айыбы жоқ», - дейді Құлсарыдан эвакуацияланған әйелдердің бірі.

ойын
Фото: Kazinform

Сондай-ақ, «Нефтестройсервис» серіктестігі қызметкерлері балалармен жақсы қарым-қатынас орнатқан. Компания жатақханаларында 100-ден астам адам тұрады. Олардың көпшілігі – кішкентай балалар мен әйелдер. Компания балаларды кинотеатрға апарған. 

«Енді балаларға күніне бірнеше рет мультфильмдер көрсететін боламыз. Кинотеатрға басқа жатақханаларға орналасқан балалар да келеді. Балалардың вахталық қалашықтан жақсы әсер алғанын қалаймыз. Кейін естелік ретінде айтып жүретін болады», - дейді серіктестіктің еңбек қатынастары жөніндегі менеджері Азамат Өтемісов.

вахталық кент
Фото: Kazinform

Тағы бір мердігер – «Сенімді құрылыс» серіктестігі Құлсары қаласы мен Тұрғызба ауылынан эвакуацияланған 800-ге жуық тұрғынды қабылдапты. Кәсіпорын тұрғындарды күнделікті медициналық тексеруден өткізіп, тұрмысқа қажетті тауарлардың барлығын қамтамасыз етіп отыр.

«Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың көпшілігі – қарттар, балалар мен жүкті аналар. Сондықтан тұрғындардың денсаулығын қадағалауға арнайы медицина мамандарын шақырдық. Біздің қауіпсіздік қызметкерлері күн сайын тұрғындарға нұсқаулар өткізеді. Өйткені, үйлерін су басқан тұрғындарға психологиялық қолдау көрсету өте маңызды. Осыған байланысты әрбір адамға жайлы жағдай жасап, қолдау көрсетуді көздедік. Кез келген мәселе бойынша қолымыздан келгенді жасауға бар күшімізді салып отырмыз», - дейді компания директорының орынбасары Жазира Әнесқызы.

вахталық кент
Фото: Kazinform

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы Жылыой ауданынан 35 мыңға жуық тұрғын эвакуацияланғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар