Барлығы қоғам мен ел мәселелерін шешуге бағытталған – Айдос Сарым Президент Жолдауы туралы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттің биылғы Жолдауы қоғамдағы өзекті мәселелерді дөп басып айтуымен ерекшеленді және Қазақстан өзінің әлеуметтік міндеттемелерін арттырып келеді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Президент Жолдауына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Барлығы қоғам мен ел мәселелерін шешуге бағытталған – Айдос Сарым Президент Жолдауы туралы

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің баспасөз орталығында өткен сараптамалық талқылауда Айдос Сарым Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының ерекшелігі неде ? деген сұраққа жауап берді.

«Өткен жылғы және биылғы Жолдауларды салыстырып қарар болсақ - биылғы Жолдау бүгінгі күннің өзекті деген мәселелерін көтерумен ерекшеленді. Пандемия көп нәрсені өзгертті, қайта реттеді. Билік те өзіне, өз қабілеттері мен мүмкіндіктеріне сенімді бола түсті. Өткен жылға тоқталсақ, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінің аясы кеңейді. Өткен жылы елімізде мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысы көтерілсе, биыл мұндай шара азаматтық қызметкерлер – архив, музей, кітапхана және басқа да санаттағылар үшін де қарастырылды», - деді Айдос Сарым.

Мәжіліс депутаты пандемияның әлі де жалғасып жатқанын және оның қашан аяқталары белгісіз екенін атап өтті.

«Дегенмен билік тек болған оқиғаларға жауап қатып, орта мерзімді стратегиялық мәселелерді қоюдан бөлек, жаңа күн тәртібін қалыптастыруға тырысуда және оны әлеуметтік желілер немесе қоғам басқаша қабылдайды деген қорқынышсыз жасап жатыр. Жеке өзіме ұнағаны – қазір ешқандай мегажоба жоқ. Барлығы адамға, қоғамға, елдегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Жолдау сындарлы түрде біздің азаматтардың өте үлкен санаттары айналасында құрылған. Мұнда стратегиялық мәселелер өте жақсы түсіндірілген», - дейді спикер.

Сондай-ақ, Айдос Сарым өткен жылғы пандемияда айрықша бэби-бум болғанын атап өтті.

«Былтыр елімізде 420 мыңнан астам бала дүниеге келді. Биыл одан да көп болмақ. Демек, екі жылда-ақ бізде миллионға жуық жас азамат болады. Жақында ғана 19 миллионыншы шекті еңсердік. Қазір мемлекет барлығын алдын-ала ойластырып жатыр. Үкімет бағдарламасында 800 мектеп құрылысы туралы жазылған еді. Ал енді мемлекет 20 жылдық перспективаның міндеттеріне жүйелірек әрекет етуге тырысуда», - дейді А. Сарым.

Депутаттың айтуынша, мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін арттырып келеді.

«Біз білікті кадрлар даярлай алатын білім мен ғылым саласын құруға ұмтылуымыз керек. Сондықтан билік қазір проблемалар туралы айтып қана қоймайды, өзінің күн тәртібін беруге, дұрыс контекст пен дискурс қалыптастыруға тырысады», - деп қорытындылады Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, «ҚазАқпарат ХАА» АҚ баспасөз орталығында ҚР Президенті Жолдауының негізгі бағыттары туралы сараптамалық талқылау өтіп жатыр.

Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Юлия Кучинская қатысуда.