Барлық әкімдер «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында биылға жоспарлаған тұрғын үй көлемін міндетті түрде пайдалануға беруі тиіс - С.Ахметов
АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Барлық әкімдер «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында биылға жоспарлаған тұрғын үй көлемін міндетті түрде пайдалануға беруі тиіс.
Бүгін «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы кеңінен талқыланған Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов осылай деді.
«Әкімдерге бағдарлама аясында жоспарланған көлемдерді сөзсіз енгізуді, бюджет қаражатын игеру бойынша шараларды қабылдауды тапсырамын. Өңірлік даму министрі бағдарламаның жүзеге асырылуына барынша қатаң бақылау мен мониторингті қамтамасыз етіп, өңір әкімдерімен бірлесіп, 2014 жылға арналған тұрғын үй көлемін пайдалануға беру бойынша меморандумдар жасасуы қажет», - деді С.Ахметов.
Үкімет басшысының пайымынша, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру жақсы мультипликативті тиімділік береді және ел экономикасының басқа да салаларының, оның ішінде құрылыс индустриясының дамуына серпін қосатын болады.
Сондай-ақ ол Қазақстанда өткен жылы 7 тұрғын үй құрылысы комбинаты тұрғызылғанын атап өте келе: «Ағымдағы жылы тағы 8-і салынады. Барлығында да жаңа технологиялар мен заманауи құрылғылар. Сондықтан да аталған кәсіпорындарды толығымен жүктеу маңызды міндет. Әкімдерге Өңірлік даму министрлігімен бірлесіп, барлық зауыттарды 2-3 жыл алға жүктеуді тапсырамын»,- деді.