Барлық әкімдіктер су тасқыны қаупіне дайын болуы қажет – министр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Су тасқынына қарсы іс-шараларды орындамау үлкен су тасқыны салдарына әкеледі. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Барлық әкімдіктер су тасқыны қаупіне дайын болуы қажет – министр

«Тәжірибе көрсеткендей қарастырылған су тасқынына қарсы іс-шараларды орындамау үлкен су тасқыны салдарына әкеледі. Мысалы, биыл Батыс Қазақстан облысында 210 тұрғын үй, Ақтөбе облысында – 89 тұрғын үй, Қостанай облысында – 44 тұрғын үй су астында қалды. Бұл ретте Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында 46 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Нәтижесінде Ақтөбе облысының әкімдігі 24 үй, Батыс Қазақстан облысында – 16 үй салынды. Жалпы 1,3 млрд теңге жұмсалды. Жыл сайын ықтимал қауіп пен үлкен материалдық шығынға ұшырағанша, осы қаражатты алдын-ала ескерту үшін пайдалануға болар еді», - деді ТЖ министрі Үкімет отырысында.

Сонымен бірге, С. Шәріпханов су басу қаупі сақталып отырған өңірлерді атады.

«Ақтөбе облысында су басқан екі елді мекеннің (Қобда, Қаратал) қалпына келтіру жұмыстары тек біреуінде (Қаратал) ғана аяқталды. Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында су басу фактілері жыл сайын арық жүйелерінің дайын болмауына байланысты тіркеледі. Қостанай облысында жоспарланған Жол картасының

жартысы бойынша ғана жұмыс басталды. Осы айтылғандарды, жалпы климаттың өзгеруі бойынша әлемдік үрдісті және осы көктемде батыс өңірінде су тасқыны бір ай бұрын басталғанын ескеріп, барлық әкімдіктер сын-қатерге дайын болуы қажет», - деп кеңес берді министр.

Сала министрінің айтуынша, өткен жылдардағы су тасқынын болдырмау үшін әкімдіктер биылғы су тасқынына қарсы шараларға барлық қажетті ресурстарды тартуы қажет.

«Екіншіден, биыл жол картасы аяқталатынын ескеріп, орындалмаған шаралар Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді және өңірлердің даму жоспарларына ауыстырылсын. Экология және табиғи ресурстар министрлігі гидротехникалық құрылыстарды уақытылы жөндеуі керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне су өткізу құрылыстарын, жолдар мен көпірлерді тасқын және еріген сулардың жоғары көлемін өткізуге дайындау қажет. ТЖ министрлігі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру үшін арықтарды тазарту және қарды уақтылы шығару бойынша халықпен тиісті ақпараттық жұмысты жалғастырсын», - деді Сырым Шәріпханов.