Барлық арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымы 2019 жылы толығымен аяқталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі барлық 10 экономикалық аймақтың инфрақұрылымы 2019 жылға қарай толығымен аяқталады. Бұл туралы бүгін Сенаттың Экономикалық саясат, инвестициялық даму және кәсіпкерлік комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.
None
None

«Арнайы экономикалық аймақтар құру тәжірибесі елімізде 1991-1996 жылдары қолға алынған болатын. Ол кездері Жезқазған, Талдықорған, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында, Алматы қаласында осындай еркін сауда аймақтары құрылғаны есте. Бұл арнайы экономикалық аймақтар өз мақсаттарына қол жеткізе алмады. Ал осы сәтсіз тәжірибеден бүгінгі айырмашылыққа келсек, ол тұстары мемлекетімізде арнайы экономикалық аймақтар үшін инфрақұрылымдар салатын жағдай болмады», - деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Рақым Ошақбаев.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда мемлекет еліміздің арнайы экономикалық аймақтарындағы инфрақұрылымдарды дамытуға 261 млрд теңге бөлген. «Еліміздегі 10 арнайы экономикалық аймақтың 6-ында инфрақұрылым аяқталды. 2019 жылға қарай барлық АЭА инфрақұрылымын толығымен аяқтау көзделеді. Қазіргі таңда аймақтарға 136 компания тартылып, олар өз қызметтерін атқарып жатыр», - деді Р. Ошақбаев.

Айта кетерлігі, келтірілген мәліметтерге қарағанда, арнайы экономикалық аймақтарға қазірге дейін салынған инвестициялар мөлшері 375 млрд. теңгеге жетіп отыр. Ал жоспарға сәйкес, 2019 жылға дейін жеке инвестициялар бойынша шамамен 2 триллион теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылмақ.

Соңғы жаңалықтар