Барлық аймақтарда судың деңгейі төмендеп келеді - ТЖК
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер су тасқыны мәселесі туралы айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде су тасқыны қаупі бар барлық аймақтарда су деңгейінің төмендегені байқалып отыр. Мәселен, Атбасар қаласында Жабай өзенінің деңгейі 3 метр 10 сантиметрге дейін төмендеді. Сонда бір тәуліктің ішінде судың деңгейі 45 сантиметрге түсті. Меніңше, биыл Атбасар қаласы су тасқыны кезеңінен аман-есен өтеді. Ертеңнен бастап оны су тасқыны қаупі жоғары елді мекен ретінде бақылаудан алып тастайтын шығармыз», - деді В.Беккер елордада өткен баспасөз мәслиxатында.
Комитет басшысының сөзіне қарағанда, Астраxан ауданының Ескі Колутон, Колутон мен Ягодная елді мекендерінде де судың деңгейі біртіндеп түсіп келеді. Бір тәуліктің ішінде судың деңгейі 12 сантиметрге төмендеді.
«Ал екі тәуліктің ішінде судың деңгейі 21 сантиметрге түсті. Бұған дейін 20 үйдің ауласына судың кіргені жайында айтқан болатынбыз. 10 үйдің ауласынан су кетті. Енді, тағы 10 үй қалды. Көлік жүретін жолды да су алып кеткен еді. Оның ұзындығы да қысқарып келеді. Қазір 150 метрден асып отыр. Ал судың деңгейі 60 сантиметр болып тұр. Әзірше, автокөліктер үшін қозғалыс жабық», - деп атап көрсетті В.Беккер.
Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданында да судың деңгейі төмендеді. Ертістің суы шамамен 10-15 сантиметрге түсті. Мұз кептелісі әлі бар. Дегенмен, сең ақырындап Павлодар облысына қарай жылжып келеді. «Кешеден бері республика бойынша тұрғын үйлер мен автожолдарды су басу оқиғалары тіркелген жоқ», - дейді В.Беккер.
Айта кетейік, бүгінгі брифингте комитет төрағасы Павлодар облысында Ертіс өзенінің тасуынан қай ауылдарға қауіп төніп тұрғанын айтты. Бұдан бөлек, елордаға жақын Қосшы кентінің мәселесі жақын арада шешілетінін мәлімдеді.