Барлық аймақтардағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары Орталық коммуникациялар қызметінде болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 9 сәуір күні еліміздің барлық аймақтарындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары мектеп медиа-форумы аясында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне келді.

Барлық аймақтардағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары Орталық коммуникациялар қызметінде болды

Оқушылармен кездесу барысында ұйымның мақсаттары мен ОКҚ қызметкерлерінің міндеттері туралы айтылды. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Ержан Бабақұмаров форум қатысушыларына ұйымның басты міндеттерін айта келе, оның негізгі мақсаты мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру және мемлекеттің жұмысы туралы қоғамды көбірек ақпаратпен қамтамассыз ету болып табылатынын атап өтті.

Оқушылар Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын өткізу туралы баспасөз мәслихатына қатысты.

Баспасөз мәслихатынан кейін, оқушылар республикалық телерадио кешендерінің студиялары мен түсірілім павильондарын аралап, Қазақстанның үздік журналистерімен жүздесті. Журналистер өз кезегінде балаларға заманауи медиа-индустрия саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Экскурсиядан кейін, оқушыларға «Орталық коммуникациялар қызметіне келудегі әсер» атты шығармашылық байқауға қатысу жөнінде ұсыныс жасалды.

Жеңімпаздар әлеуметтік желілер мен ortcom.kz сайтында ашық дауыс беру арқылы анықталады. Ең үздік жұмыстардың иелері естелік грамоталармен марапатталады.

Айта кетейік, «ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі» РММ Мемлекет басшысының 2012 жылғы 5 қазандағы № 403 Жарлығымен құрылған болатын. Орталық коммуникациялар қызметінің басты мақсаты - мемлекеттік органдардың ақпараттық кооперациясын арттыру жолымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа мемлекеттік органдардың ресми ұстанымын жеткізу. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдар мен коммуникациялардың дамуына, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылауда қоғам рөлінің артуына септігін тигізеді.

Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушылары арасындағы медиа-форум Астана қаласында 9-10 сәуір аралығында өтуде. Форумға еліміздің барлық аймақтарындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 17 оқушысы қатысып отыр. Медиа-форум алаңында өнерлі, белсенді және патриот азаматтар топтасқан. Шара экранның ар жағындағы өмірмен танысуға, шынайы баспасөз мәслихаттарына, ток-шоуларға, брифингтерге қатысуға және жетекші арналардың жаңалық бөлмелеріне кіріп, БАҚ саласындағы белгілі журналистермен кездесуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 11 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Аталмыш білім ордалары Астана, Алматы, Көкшетау, Қарағанды, Петропавл, Павлодар, Семей, Өскемен, Талдықорған, Орал, Ақтөбе, Атырау, Тараз және Шымкент қалаларында ашылған.