Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына 7 885 кандидат ұсынылды - ҚР ОСК
АСТАНА. ҚазАқпарат - Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына 7 885 кандидат ұсынылды. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев айтты.
«Өздеріңізге белгілі, 2016 жылғы 20 наурызда барлық деңгейдегі мәслихаттардың 3335 депутаты, соның ішінде облыстық, Астана және Алматы қалалары мәслихаттарының 550 депутаты, аудандық мәслихаттардың 2160 және қалалық мәслихаттардың 625 депутаты сайланады. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну белсенді өтуде. Облыстық, Астана және Алматы қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының ұсынған соңғы мәліметтеріне сәйкес барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына 7885 кандидат ұсынылды», - деді ол.
Олардың 866-сы - облыстық мәслихаттарға, 34-і - Астана мәслихатына, 133-і - Алматы қалалық мәслихатына ұсынылып отыр. Аудандық мәслихаттарға 5403 кандидат, қалалық мәслихаттарға - 1449 кандидат ұсынылды.
«Осылайша, бір депутаттық мандатқа орташа бәсекелестік қазіргі уақыттың өзінде 2-ден астам адамды құрайды. Саяси партиялар 1942 адамды (24,6 %), қоғамдық бірлестіктер - 12 адамды (0,2 %), 5931 адам (75,2 %) өзін-өзі ұсынды. Ұсынылған кандидаттардың ішінде 40 ұлттың өкілдері бар, 71,4 пайызы - ер адамдар, 28,6 пайызы - әйел адамдар. 72,3 пайызының жоғары білім бар. Орташа жасы - 43 жас», - деді М.Сәрсембаев.
ОСК мүшесінің айтуынша, ұсынылған кандидаттардың ішінде әкімдіктер мен мәслихаттар қызметкерлері - 255 адам (3,2 %), мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелердің және ұйымдардың қызметкерлері - 3653 адам (46,3 %), коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері - 3384 адам (42,9 %), саяси партиялар мен ҮЕҰ-ның өкілдері - 135 адам (1,7 %), зейнеткерлер - 60 адам (0,8 %), жұмыссыздар - 202 адам (2,6 %), 5 адам (0,1 %) жұмыс орнын көрсетпеді.
«Округтік сайлау комиссиялары мәслихаттар депутаттығына 1096 кандидатты тіркеді», - деп түйіндеді сөзін ол.