Барлық елдермен шекараны шегендеу жұмысының маңызы зор - Нығматулин

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлданды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі

Барлық елдермен шекараны шегендеу жұмысының маңызы зор - Нығматулин

«Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасын шегендеу 2001 жылы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан - Түрікмен мемлекеттік шекарасын делиментациялау және оны демаркациялау процесі туралы шартқа сәйкес жүргізілді. Бұл шарт ҚР 2003 жылғы 2 шілдедегі заңмен ратификацияланып, 2006 жылғы 31 тамызда күшіне енді. ҚР мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түркімен мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы келісімге 2017 жылғы 18 сәуірде Астана қаласында Түрікменстан басшысының Қазақстанға ресми сапары аясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердымухамедов қол қойды. Келісімнің басты мақсаты - Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы шегенделген мемлекеттік шекара сызығын халықаралық құқықтық негізде бекіту болып табылады», - дейді заң жобасын Парламентте таныстырған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев.

Оның айтуынша, шекараны шегендеу нәтижесінде мемлекеттік шекара сызығының ұзындығы 458,3 шақырымды құраған. Мемлекеттік шекара сызығында 330 шекаралық белгі орнатылған. Сондай-ақ, вице-министр мемлекеттік шекара және шекаралық белгілердің орналасқан жерін атап өтті.

«Келісім күшіне енгеннен кейін мемлекеттік шекара сызығын сақтау мақсатында 10 жылда бір рет бірлесіп тексеру көзделген. Келісім бойынша жергілікті жердегі кез келген өзгерістер мемлекеттік шекара сызығының өтуіндегі өзгерістерге алып келмейді. Келісімнің ережелеріне сәйкес, ол ратификациялауға жатады және дипломатиялық арналар арқылы оның аяқталғаны туралы соңғы жазбаша хабарлама түскен күннен бастап күшіне енеді. Келісімді ратификациялау мен оның күшіне енуі мемлекеттік аумақты және ұлттық егемендіктің кеңістігі шектерін айқындауға, аумақтық дауларды болдырмауға мүмкіндік береді», - дейді ол.

Келісімді осы жылдың 30 мамырында Түрікменстанның Меджилисі ратификациялағаны туралы Түрікменстанның Сыртқы істер министрлігінің нотасы келіп түскен.

Өз кезегінде ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин ел Тәуелсіздігінің ең басты жетістіктерінің бірі - біздің мемлекеттің шекаралас елдермен шекараны белгілеп, алғанын атап өтті.

«Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында барлық периметр бойынша қазіргі уақытта тату көршілік қатынас орнаған. Бүгінгі таңда мемлекетіміз көрші елдермен келісімге келе отырып, ел шекарасын белгілеп алдық. Қазіргі уақытта шекараны шегендеу туралы келісімдерді Қырғызстан, Өзбекстан елдерімен жүргізу жоспарланған. Бұл бағытта Қытай елімен жұмыс аяғына жетті. Қазақстан мен Ресей шекараларын шегендеу туралы жұмыс жалғасып жатыр. Сондықтан барлық елдермен шекараны шегендеу жұмысының маңызы зор», - дейді Нұрлан Нығматулин.