Барлық еңбекақылар, әлеуметтік төлемдер қазіргі деңгейінде қамтамасыз етілуі тиіс - Мемлекет басшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Барлық еңбекақылар, әлеуметтік төлемдер қазіргі деңгейінде қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласы активімен кездесу барысында айтты.
Мемлекет басшысы бүгінде көптеген елдер әлемдік экономикадағы қиындықтарға байланысты үлкен сын-қатерлерге кезігіп отырғанына тоқталды. «Тұрақсыздықтың ушығуына Украинадағы ахуал мен Ресей және Еуропа елдері арасындағы өзара санкциялар да ықпал етуде. Ресей - біздің стратегиялық серіктесіміз, тығыз байланыс орнатқан жақын көршіміз. Егер Ресей экономикасындағы ахуал нашарлайтын болса, ол жанама түрде бізге де әсер етеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті аталған үрдістердің алдын үшін қажетті мүмкіндіктің бәрі бар екенін және Үкімет тиісті жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. «Үкімет биылғы жылдың бюджетін қайта қарау жөнінде ұсыныс енгізді, өйткені мұнай мен металдың, сондай-ақ Қазақстан экспортының өзге де өнімдеріне бағаның төмендеуі түсімдердің азаюына әкеледі. Бұл ретте барлық еңбекақылар, әлеуметтік төлемдер қазіргі деңгейінде қамтамасыз етілуі тиіс», - деді Мемлекет басшысы.