Барлық ескерткіштеріміздің ішіндегі «Қазақ елі» монументі негізгі ескерткіш - Әбдімәлік Нысанбаев
АЛМАТЫ. Қазанның 24-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Болашақ заманды, өткен заман мен бүгінгі заманды байланыстырып тұрған - «Қазақ елі» монументі.
Сондықтан, бұл монументтің келешек үшін, халық үшін үлкен маңызы бар. ҚР ҒА академигі, философия ғылымдарының докторы Әбдімәлік Нысанбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осылай айтты.
«Өзіміздің атымыз - Қазақ елі. Конституцияда, барлық жерде «Қазақстан» деген сөз былайша алғанда «Қазақ елі» деген сөз. Қазақстан Республикасы деп аталады. Ал шын мәнінде - «Қазақ елі», Қазақ елінің Республикасы деп аталады. Астанада орнатылған керемет биік «Қазақ елі» ескерткіші елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің, қазақ елінің әлемге адал бағытын білдіріп тұратын монумент. Монументтің біздер үшін, жас ұрпақ үшін үлкен маңызы бар. Біріншіден, Қазақ елі мәңгі. Қазақ елі мәңгі тұрғанда монумент мәңгі тұра береді. Мен ойлаймын, ол монумент тек қазақтарды ғана емес, барлық қазақстандықтарды топтастырады. Теледидардан ескерткіштің ашылу салтанатын көргенде, алаңға қаншама мың адам, барлық ұлттың, діннің өкілдері жиналғанының куәсі болдық. Қазақстан - көп ұлтты ел. Сондықтан, барлық ескерткіштеріміздің ішіндегі «Қазақ елі» монументі негізгі ескерткіш. Қазақстанды көрсетіп тұрған, әлемге паш етіп тұрған мұндай ескерткіштің халқымыз үшін, еліміз үшін, болашақ ұрпақ үшін маңызы зор. Біз 50-100 жылдан кейін кетеміз. Бұл өмір заңы. Ал, бұл ескерткіш мәңгілік тұра береді, онымен бірге Қазақстан тұрады, қазақ халқы тұрады. Ескерткіштің маңызы да осында. Ахмет Байтұрсынов керемет айтқан: «Бүгінгі заман, өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы» деп. Болашақ заманды, өткен заман мен бүгінгі заманды байланыстырып тұрған осы - «Қазақ елі» монументі. Сондықтан, бұл монументтің келешек үшін, халық үшін үлкен маңызы бар. Біз ары қарай «Қазақ елі» монументін, негізгі ескерткішті қастерлеп, насихаттауымыз керек деп ойлаймын», дейді Әбдімәлік Нысанбаев.