Барлық ішкі істер органдарында сенім телефондары қызмет етеді - Ішкі істер министрі

Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов аймақтармен конференцбайланыс форматында өткен Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің көшпелі 11-ші отырысында осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Олардың саны 340-тан асады. Халық арасында да кеңінен тараған. Полицейлердің құқықбұзушылық іс-әрекеттері туралы анықталған деректер бойынша 74 қызметкер жазаланды. Олардың төртеуі өз қызмет лауазымынан босатылып, 17-сі жұмыстан шығарылды», деп атап өтті С.Баймағанбетов.
Министрдің айтуынша, азаматтық қоғаммен қарым-қатынасты дамытуда ІІМ жанынан құрылған Полиция қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің маңызы зор. «Оған еліміздің танымал қоғамдық-саяси қайраткерлері, Парламент депутаттары, адвокаттар мен журналистер кірді. Осындай Қоғамдық кеңестер барлық аймақтық ішкі істер департаменттерінің жанында қызмет етеді. Олардың негізгі мақсаты - полицейлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде ұсынымдар жасау»,- деді министр.