Барлық қоғамдық жерлерде дефибрилляторлар орнатылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік тәжірибеге сәйкес, дефибриллятор сияқты аппараттар барлық қоғамдық жерлерде тұруы қажет. Соның арқасында біраз адамның өмірін сақтап қалуға болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Барлық қоғамдық жерлерде дефибрилляторлар орнатылуы мүмкін

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Лязат Ақтаеваның айтуынша, осы саланың мамандары нақты ұсыныс жасаса, министрлік дефибрилляторларды қоғамдық жерлерде орнату мәселесін қарастыруға дайын. "Енді, бәріміз жақсы білеміз, бұған дейін бірқатар мектептерде оқушылар сабақ кезінде қайтыс болды. Ол мектептерде арнайы медициналық пунктер бар. Ол жерде істейтін мамандар жедел жәрдем жасауды біледі. Тиісті дайындықтан да өтіп тұрады. Бірақ дефибриллятор деген аппарат бар. Оны қолдану үшін арнайы медициналық білімнің қажеті жоқ. Бәрі автоматты түрде жасалады. Осы саланың мамандары мектептерде дефибриллятор орнату қажет десе, біз аталған мәселені шешетін боламыз. Әрине, ондай аппараттар қауіпсіз жерде тұруы қажет. Негізі, дефибрилляторлар мектептерде ғана емес, әуежайларда, вокзалдарда, жаттығу залдарында және тағы басқа қоғамдық жерлерде орнатылуы тиіс. Бұл - әлемдік тәжірибе. Өйткені жедел медициналық жәрдем жеткенше осы аппараттардың көмегімен адам өмірін сақтап қалуға болады", - деді Л.Ақтаева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

КР Анестезиологтары мен реаниматологтары қоғамының төрағасы Ағзам Жұмаділов аталған мәселені бүгінгі конгрестің қаулысында көрсетуді көздейді. "Біз шетелде болып, солардың тәжірибесін зерделеп қайтқанбыз. Ол жақта әуежай болсын, вокзал болсын, барлық қоғамдық жерлерде дефибрилляторлар тұр. Адамдар қолдана ма, жоқ па, ондай аппараттар бар. Оны қолдана білетін мамандар да жұмыс істейді. Олар шұғыл көмек бере алады. Осы тәжірибені ескере отырып, біз бүгінгі анестезиологтар мен реаниматологтардың II конгресі бойынша аталған мәселені қорытынды құжатқа енгізетін боламыз", - деді А.Жұмаділов.

Айта кетейік, Астанада анестезиологтар мен реаниматологтардың II конгресі басталды. Пленарлық мәжілісті ашқан ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Лязат Ақтаева осы саладағы негізгі мәселелерді белгілеп берді.