Барлық қылмыстың үштен бірін сырттан келгендер жасайды - Алматы прокуроры

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда әкімдікте өткен қоғамдық кеңес мүшелері мен ІІД қызметкерлерінің отырысында Алматы прокуроры Берік Жүйріктаев қаладағы қылмыс туралы статистикалық деректерді келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Барлық қылмыстың үштен бірін сырттан келгендер жасайды - Алматы прокуроры

«Алматы - еліміздің аса ірі қаржы, білім, мәдени орталығы. Ішкі және сыртқы көші-қон көрсеткіштері артып келеді. Бүгінде құқық бұзушылықтың 20 %-ы Алматыға тиесілі. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың 31%-ы - басқа өңірден келгендер немесе шетелдік азаматтар(5 626 адамның 1 785-і)», - деді прокурор. 

Сонымен қатар, прокурор адамның жеке тұлғасына жасалған қылмысқа қарсы күрес әлі де қанағаттанарлық деңгейде еместігін айтты. Мұндай қылмыстар 4%-ға, тонаушылық 18%-ға артқан. Сонымен қатар, кәмелеттік жасқа толмағандардың арасындағы қылмыс 6%-ға артқан. Жыл басынан бері 2,5 мың жол оқиғасы тіркелген. Онда 3 мың адам жапа шексе, 75 жағдай қайғылы жағдайда аяқталды. 

«Алматыда көлік қозғалысы өте өзекті. Бірақ бұл қолымызды сілтей салдық деген сөз емес. Барлық қылмыстардың 70 пайызы - бөтеннің мүлкін ұрлау. Осы қылмыстардан 2 млрд теңгеге жуық шығын келтірілді», - деді Б.Жүйріктаев. 

Алайда, пәтер тонау мен ұялы телефондарды жымқыру сәйкесінше 31% және 14%-ға қысқарған,
Ал көлік ұрлау дерегі 9,5%-ға артты.

Алматы прокуроры қалалық ІІД өкілдеріне жұмысты жақсарту бағытында бірқатар нұсқаулықтар берді. 

«Ұрлық қылмыстарын ашуға бар күшті салу керек. Ұрланған заттарды сатып, ақша жасау жолдарын да кес-кестеген жөн. Мемлекет басшысының құқықбұзушылыққа - нөл төзімділік туралы тапсырмасын белсенді орындау керек», - деді Б.Жүйріктаев.