Барлық өңірде балалар мен жастар бір мезгілде шеруге шығады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ертең, 1 маусым күні еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгінде шеруге дайындық қызу жүріп жатыр.
«Биыл шеру тек облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында өтеді. Еліміздің барлық өңірінде жұмыс топтары құрылып, мерекелік шара дайындығын үйлестіруші жауапты мамандар анықталды. Шеру бағыттары әзірленіп, режиссерлер белгіленді. Оңтүстік өңірлерде, яғни Қызылорда, Шымкент, Түркістан, Талдықорған, Тараз, Ақтау, Атырау қалаларында жоғары ауа температурасына байланысты шеру таңғы сағат 9.00-де, қалған қалаларда сағат 10.00-де басталады. Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, 2,5 мың білім ошағынан бір уақытта 98 309 адам шеруге шығады. Олардың ішінде жас музыканттардан бөлек, педагогтер мен ата-аналар да бар», - делінген министрлік хабарламасында.
Атап айтқанда, парадқа Қызылорда қаласынан - 8,5 мың, Ақтөбеден - 7 929, Нұр-Сұлтаннан - 7 мың 830, Қарағандыдан - 7,5 мың, Ақтау және Павлодар қалаларынан 7 мыңнан адам қатыспақ.
Шерудің көркін 136 барабаншылар отряды, 91 үрмелі оркестр, 534 қазақ және орыс халық аспаптары ансамблі, 780 черлидерлер мен мажореткалар командасы, хор және би ұжымдары, 266 кадеттер мен спортшылардан, педагогтардан құралған ұжымдар кіргізеді.
Қатысушылардың қауіпсіздігіне, медициналық көмекпен қамтылуына, судан таршылық көрмеуіне жергілікті әкімдіктер жауапты.