Барлық өңірде көктемгі егіс науқаны аяқталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл көктемгі егіс науқаны фермерлер үшін қолайлы жағдайда өтті. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде барлық өңірде көктемгі егіс науқаны аяқталды. Жоспарланған агро-техникалық іс-шараларды өткізуге ешқандай кедергі болған жоқ. Фермерлер тұқыммен, жанар-жағармаймен, қаржы ресурстарымен тиісті көлемде қамтамасыз етілді», - деді ол.

А. Сапаровтың айтуынша, жалпы егіс алқабы 19 млн гектарды құрап, оның ішінде дәнді дақылдар - 14,5 млн гектар, майлы дақылдар - 2,7 млн гектар, көкөніс және бақша дақылдары, картоп - 458 мың гектар, мал азығы дақылдары 1,2 млн гектар алқапты қамтыды.

«Биыл егіс науқанына 147 мың трактор мен 4 мың өнімділігі жоғары егін себетін кешендер қатысты. Техникалық паркті көбейтуге мемлекеттің қолдау шаралары бойынша елеулі жұмыстар атқарылды. Наурыз-маусым айы кезеңінде егіс жұмыстарына жалпы 380 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бір литрдің орташа бағасы 176 теңгені құрады, нарықтық бағамен салыстырсақ, 10 пайызға төмен. Күзде де жоспар бойынша жанар-жағармай осылай берілетін болады», - деді министрлік өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, көктемгі егіс жұмыстарына биыл 60 млрд теңге сомасында бюджеттік несие бөлінді.

Соңғы жаңалықтар