Барлық саналы азамат тәуелсіз мемлекеттің гүлденуіне ат салысуы керек - ҰОС ардагері У. Шалекенов

АЛМАТЫ. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы халық майдандағыларға жәрдемдесіп, қолдан келген көмегін аянбай көрсетті.
None
None

Бұл жайында Ұлы Отан соғысының ардагері, полковник, тарих ғылымдарының докторы, академик, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Уахит Шалекенов ҚазАқпарат тілшісімен сұхбаттасу барысында айтты.

Ардагер 1942 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, 1943 жылы Курс-Орлов бағытындағы сұрапыл соғысқа қатысқанын айтады. «19 жасымда взвод командирі болдым. Соғыс барысында көптеген қалаларды алдық. Соның ішінде Харьков қаласын ең соңғы рет босаттық. Ол шайқас кезінде қолдан-қолға өтіп тұрған қала еді. Сондай қалаларды азат ету кезінде жарақат та алдым», дейді У.Шалекенов.

Сонымен қатар Харьков түбіндегі соғыста «Қызыл Жұлдыз» орденімен, Ұлы Отан соғысының екі орденімен және көптеген медалдармен марапатталған.

«Соғыстан оралған соң оқу оқып, 60 жылдай ел ғылымына қызмет еттім. Дайындаған шәкірттерім де көп», дейді У. Шалекенов .

Сондай-ақ ардагер кейінгі ұрпақты елін сүюге тәрбиелеп, патриоттық сезімін нығайтып, келешек ұрпақтардың елін қорғауда азаматтығы мен адамгершілігін күшейту керектігін айтады. «Жастарымыздың егемен елімізді қорғайтын, адамгершілігі мол, қайратты азамат болып өсуін тілеймін. Барлық саналы азамат тәуелсіз мемлекеттің гүлденуіне ат салысуы керек», дейді Уахит Шалекенов.

Соңғы жаңалықтар